"3Д CAVE" бағдарламасы деп аталатын жобаның құны 133 миллион теңгені құрайды.

Бағдарлама "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының аясында Орал қаласында тұңғыш рет қолға алынғалы отыр. Жаңа жоба виртуальды көзілдірікпен құрылыс нысанының сызбасын алдын ала қарау арқасында көптеген нысандарды мінсіз тұрғызуға көмектестеді деген сенім зор. Бұл біздің аймақта ғана емес, жалпы еліміз бойынша баламасы жоқ, тұңғыш рет қолданысқа енетін жаңашылдық көрінеді. Осыған дейін Финляндия елінде кеңінен қолданылған. Құрылыс жəне мұнай-газ саласына оң əсері көп деп мақтауы асқан жобамен өңірге іс сапармен келген үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев арнайы танысып, артықшылықтарына көз жүгіртті.
Сонымен қыруар қаржы жұмсалған, Финляндия елінің жаңашылығы Оралдықтарға қалай көмектеспек? Еліміздің аумағында тұңғыш рет қолданысқа енетін бағдарлама "3Д CAVE" деген атауға ие. Бұл жаңашыл бағдарлама арнайы жабдықталған құрылғының арқасында салынбақ нысанның əр нүктесін, қыр-сырын, бұрыш-бұрышына дейін нақты көруге мүмкіндік жасайды. Жаңа технологияның жетістігі таңдай қақтырмай қоймайды. Мамандар айтқандай нəтиже болса, елімізде мінсіз ғимараттар пайда болып, құрылыс жұмысының сапасы əлдеқайда жақсаратын түрі бар. Арнайы дисплейде "3Д" форматында жасақталған нысанды көзілдіріктің көмегімен аралап, қарап, жоспарлауға болады. Атаулы бағдарлама құрылыс, мұнай өндіру саласында көп қолғабыс жасамақ.
Алғашқы рет елімізде қолданысқа енетін бағдарлама Финляндия елінде 7 жыл қатарынан құрылыс саласында қолданылып келеді екен. Яғни тəжірибеде сыналған. Мәселен, құрылысшылар құрылыс жұмыстарының сызбасын көрсеткен тұста оның болашақта қандай болатындығын, онда қандай олқылықтар орын алуы мүмкін екендігін көрсетіп береді. Жаңа құрылғының арқасында нысан бой түземес бұрын, олқылықтары жойылып, кем-кетігі дұрысталады. Бұл өз кезегінде қыруар ақшаның үнемделуіне сеп. 2019 жылдан бастап аталмыш жаңашылдықты "Жоғары аграрлық- техникалық колледжінің" студенттері үйренбек.
-Тек құрылыс мамандары ғана емес, техникалық мамандарға, мұнай-газ саласына да "3 Д" жобасын енгізуге үлкен бағыт бар. Қосымша білім беруде де орасан мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Жобаны жүзеге асыру жолында мамандар дайындап, болашақта ұсынған компаниямен бірлесе жұмыстанатын боламыз,-дейді жоғары аграрлық-техникалық колледждің директоры Серік Мұхамбеталиев.
Студенттерге жаңа бастаманы оқыту үшін оқу ордасының оншақты мұғалімі Финляндия еліне барып, білімдерін толықтырып, қайта даярлау курстарынан өткен.

Арман КУРМАНАЛИЕВ