Жолаушыны автобусқа лық толтырып алып, адам өмірін қатерге тігетін жүргізушілердің əрекеті жаға ұстатарлық. Бір-бірімен жарысып, уақыттан қалмауға асыққанда қарсы бағытқа шығып кетіп, жолаушы түсіп-мінгенін күтпей орнынан кілт қозғалып кетіп жатады.

Көлік рөлінде отырып алып, телефонмен емін-еркін сөйлесіп отыруының өзі жүргізушінің қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырғанына нақты дəлел. Осындай жағдайлар № 22 нөмірлі автобуста жиі тіркеледі деген шағымдар көбейіп отыр. Жолаушы тасымалдаушы жүргізушілердің дені жастар. Олар өздерінің мойнына артылған жауапкершілікті сезінбесе керек. Ереже бұзушылық жөніндегі əуесқой түсірілімдердің бірі əлеуметтік желіде кең тарап үлгерді. Онда №22-ші нөмірлі автобусты тақымдаған азамат, басын қатерге тігіп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткені анық көрінеді. Абырой болғанда өрескел ереже бұзған көліктегілер дін аман. Ал бұл əрекет назардан тыс қалмады. Жүргізуші жазаға тартылды. Бейне жазба алдағы күтіліп отырған сотта азаматқа қарсы дəлел ретінде қолданылатын болады. Жəне аталмыш факті қоғамдық көліктердің жұмысында тексерісті күшейтуге себеп болды. Бүгінде қалада "Автобус" деп аталатын арнайы қауіпсіздік шарасы басталып, облыс орталығындағы жолдардағы қозғалыс қатаң бақылауға алынды. Соңғы кезде тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдардың бірі де ескерусіз қалмай, арнайы комиссия құрылған.
-"Инстаграмм әлеуеметтік желісі арқылы қала тұрғынынан хабарлама алдық. Онда №22 қоғамдық көлік жүргізушісінің жол көлік ережесін бұзғаны түсірілген. Аталмыш мәселе бойынша жол полицейлері жұмыстанып, материал сотқа жіберілді. Жүргізуші кеше өз еркімен жұмыстан кетті",-дейді Орал қалалық жолаушы көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев.
Жолаушылардың жүргізушілерге тағар міні аз емес. Дөрекілік, асығыстық, жылдамдықты шектен тыс асыру, қызмет сапасының төмендігі өсірілген жолақы құнын ақтамайды. Өмірімізге қатер төндіреді деп шағымданады. Алайда күнделікті қоғамдық көлік қызметін пайдалануға мəжбүр.
-"Мен күніне кем дегенде 2 рет жолаушы көлігімен қатынаймын. Жүргізушілер адамды аман-есен жеткізу басты міндеттері екенін ұмытып кететін сияқты. Жарысып, ақшаға құныққан. Өзге жүргізушілермен жолға, адамға таласып, жаға жыртысып жатқанына талай куəгер болғанбыз. Телефонға алаңдап, жолда қауіпті жағдай туғызады",-дейді Гүлшат есімді қала тұрғыны.
"Автобус" деп аталатын жедел алдын алу қауіпсіздік шарасы барысында 12 автобустың жүргізушісі жылдамдықты шамадан тыс асырғаны анықталған. 20 рет жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, бір ғана тəулік ішінде 70 əкімшілік хаттама толтырылыпты.
-"Құқық қорғау өкілдерімен бірге тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қадағалау шаралары кезінде автобус паркі мен бастапқы және соңғы аялдамаларда көлік жүргізушілердің жағдайы да сынға алынып, тексеріледі. Бұл жүргізушілердің тəртіпке келуіне əсер етеді деген ойдамыз. Өз əрекеттеріне есеп беріп, ереже бұзудан аулақ болады",-деп хабарлады Орал қалалық жолаушы көлігі жəне авто көлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Ахошев.
Арман КУРМАНАЛИЕВ