"Орал таза сервис" ЖШС-де қоқысты қала сыртындағы полигонға шығаратын 40 техника бар болса, оның тең жартысына жуығы жаңалалауды қажет етеді.

Бірақ қазір тазалықшылар жұмысын қиындатып отырған бұл мəселе емес. Басты проблема-қайтсек ұрыларға тойтарыс беріп, қолды болған контейнерлерді табамыз деп бас қатыруға ойысқан.
Қала аумағында тұрмыстық қалдықтар салуға арналған контейнерлер бұрын да жетіспейтін. Оның үстіне ұрылар бүгінде көзден тасалау тұрған осы контейнерлерге қырғидай тиетін болған. Шаһарымыздың Депо, Семей, Чкалов көшелерінің бойында бірнеше контейнер ізім-қайым жоғалып отыр. Бұл жерде бейнебақылау қондырғылары орнатылмаған. Сондықтан тазалықшылар жоғалтқандарын табу оңай шаруа емесін айтады. Дегенмен бұл жөнінде жергілікті полиция мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жəне тұрғын үй инспекциясы бөліміне хабарлапты.
Ал тұрғындар болса контейнер тұрған орынды қоқыс аймағына айналдырған. Үйден шыққан күл-қоқысты амалсыз осы жерге төгуге мəжбүр. Осы жағдайдың салдарынан көше бойына қоқыс шашылып, желмен ұшып, тазалыққа да нұқсан келіп отыр. Оның үстіне ит-құс шоғырланып, тұрмыстық қалдықтарды одан əрмен таратуда.
-"Бізде осы жерде 3 контейнер болған еді. Қазір орындары бос қалды. Біз үйден шыққан қоқысты осында тастап жатырмыз. Енді қайтеміз? Бір шара қолданып, орнына басқасын орнатуы керек қой. Халық ақшасын төлеп отырған соң дұрыс қызмет көрсетілгенін қалайды. Бұрын да қоқыс уақытылы алынбай қалатын. Қазір шашылып жатады",-дейді қала тұрғыны Айгүл Өтеғалиева.
Жыл сайын халық санының өсуі тазалықпен айналысушы кəсіпорынға түсер салмақты да арттырған. Шығарылатын қоқыс қалдықтарының көлемі ұлғайып, контейнерлердің жетіспеушілігі туындап отыр. Қала əкімдігі мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі бұл жайттан хабардар.
-"Біздер бюджеттен қаражат сұратып отырмыз. Əзірге бұл сұрақ мақұлданған жоқ. Мəселені шешу күн тəртібінде қаралып жатыр",-дейді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Роман Жұмиев.
Мамандардың айтуынша, жыл сайын қала аумағынан 750 мың текше метр тұрмыстық қалдық шығарылатын көрінеді.
Арман КУРМАНАЛИЕВ