Оралда 241 мың текше метр қар шығарылды
Өткен аптада 11 мың текше метр ақ ұлпа арнайы полигондарға жеткізілді.

Ақпанның аяғы мен наурызда Орал қаласында қар қалың түсіп, біраз тұрғындарды әбірге салғаны жасырын емес. Соның кесірінен көліктер мен жаяу жүргіншілер біраз қиындықты бастан кешті. Орал қаласы әкімдігінің таратқан дерегіне сүйенсек, шаһар тазалығына жауапты мекеме екі маусымда жұмыс істепті. Күндіз 250, ал түнде 180 арнайы техника қар күреу мен шығару жұмысын атқарыпты. Қыс басталғалы күні бүгінге дейін 241 мың текше метр қар арнайы полигонға шығарылған.
- Өткен аптада шаһар аумағынан 11 мың текше метр ақ ұлпаны күреп, полигонға шығарды, - деп хабарлады қала әкімдігінде.
Қала тазалығына «Жайық Таза қала» мекемесі жауапты. Санитарлық тазалау жұмыстарына 30 тұрақты бригадаға қосымша 5 мобильді топ жұмылдырылған. Облыс орталығының аумағында кең ауқымды тазарту шаралары жүргізеді. Мекеме жұмысшылары аялдамалар мен жаяу жүргінші жолдарын, саябақтарды, арықтарды қардан аршып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ал ауыр техникалар негізгі көшелер, автомагистральдар мен жеке секторларда қар тазалау жұмыстарын атқаруда.