Оралда жыл соңына дейін 2 емес, 4 мектептің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталады. Бұл жұмысқа «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Ұлттық қордан 4,3 млрд. теңге бөлінген. Әлеуметтік жобалардың жүзеге асуы мен оған жұмсалған қаржының игерілуі «нұротандықтар» бақылауында. Партиялықтар кезекті рет құрылыс нысандарында болып, жұмыс барысын бағамдады.

Апатты жағдайда болған №4 мектептің бұрынғы ғимараты бұзылып, орнына салынған жаңа нысанның құрылысы аяқталып келеді. Мердігерлер 300 орындық білім беру ошағын жоспарланған кестеден бұрын аяқтап, желтоқсанда тапсырамыз дейді. Құрылысқа 951 млн теңге бөлінген. Мектепте 120 орындық асхана, бұрын ескі ғимаратта болмаған 50 орындық шағын орталық ашылады. Спортзалы да кеңейеді. Мектеп ауласы да ұлғайып, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары салынған.
- Қазір ғимаратқа жылу берілді. Кәріз, су желілері де жұмыс істейді. Қуат үнемдейтін жарық шамдары орнатылды. Ішкі жұмыстар аяқтала келді. Еденге линолеум төсеп, жиһаз құрастырып жатырмыз. Сосын жуып-тазалап, нысанды тапсыруға дайындаламыз, - дейді учаске басшысы Максим АЗАРОВ.
«Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асырылуын партия жанынан құрылған «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту» комиссиясы тексеруде. Жұмыс барысында ауа райының қолайсыздығы мен құрылыс материалдарының кеш жеткізілуінен кедергілер болған.
- Әрине, мәселелер болды. Біріншіден, жұмыс күші тапшы болды. Негізінен жұмысшы мамандықтар. Арнайы техникалар жетіспеді. Құрылыс материалдары кешіктірілді. Соның салдарынан кестеден кешігу болды. Бірақ біз ол мәселелерді рейдтар барысында анықтап, тапсырыс берушіге, облыс басшылығына, қала басшылығына айтып, талқылап отырдық. Осы нысандардың мерзімінен бұрын тапсырылуы да проблемалардың шешілгенін айғақтайды, - дейді облыстық мәслихат депутаты, комиссия төрағасы Ляна ТҰРСЫНОВА.
Ал Деркөл ауылында бірден екі мектеп салынуда. Әрқайсысы 600 орындық. Біреуі жоспар бойыша келесі жылы тапсырылуы керек еді. Алайда мердігер жұмысты кестеден бұрын орындап, құрылысты желтоқсанда аяқтағалы отыр. Жұмыстың 85 пайызы орындалған. Іс басында 170 адам еңбек етеді. Сырты жұмыстар аяқтала келген. Енді ішкі бөлігі қалыпты. Келесі аптада жиһаз бен құрал-жабдықтар әкелінбек. Жоба құны - 1 млрд 400 млн теңге.
Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында өңірде 15 жоба іске асырылуда. Оған Ұлттық қордан 16,4 млрд теңге бөлінген. Ал «Нұрлы жер» аясында 43 жоба қолға алынған.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 4 мектеп, 200 шақырымнан астам коммуналдық желілер және «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» күре жолының құрылысы саылнуда. Ал «Нұрлы жер» аясында 15 инженерлік инфрақұрылым нысаны, 10 көп қабатты тұрғын үй және аудандарда 183 үйдің құрылысы қолға алынды, - дейді «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының комиссиялар жұмысын үйлестіруші Мирас ТҰЯҚБАЕВ.
Тағы бір мектеп қаланың Сарытау шағынауданында салынуда. 4 білім ошағының ашылуымен апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмек.
Арман КУРМАНАЛИЕВ