Оралда жол жөндеу жұмысы қарқын алды. Биыл шаһарда 67 көшенің жолы тегістеліп жатыр. Бүгінде 43 көшеде жоспарланған жұмыс аяқталған. Олардың сапалы орындалуы ұдайы назарда дейді қала басшылығы.

Иллюстративное фото из архива "МГ"
Фрунзе көшесі – қаладағы көне көшелердің бірі. Соңғы рет қашан жөнделгені де ұмыт болған. Асфальттың жоғарғы қабатын ашқан кезде қиыршық тас мүлдем жоқ екенін анықталған. Әрі көше тар. Бұл жұмыс істеуде бірқатар қиындық тудырады.
- Жер бедері тегіс емес. Оны тегістеуге уақыт кетеді. Әрі асфальтті мөлшерден көп шығындаймыз. Шұңқырлары да көп. Жолды қырып, дайндауға көп уақыт кетеді. Ал асфальтті төсеуге тек 1-2 күн жұмсалады, - дей ді жол жөндеуші
«Приоритет» ЖШС директоры Жанна КЕНЖИНА.
Биылғы жазда 43 көше жолы жөнделген. Қазір тағы бесеуінде жұмыс аяқталуға жақын. 6 нысан келесі жылға қалдырылады. Т.Масин, Дәулеткерей, Тоқай, Чапаев, Пугачев көшелері де жаңартылуда.
Биыл қала маңындағы барлық кенттік округтің көше жолы жөнделіп жатыр. Мәселен, Желаевта - 4, Зачаганда - 5, Деркөлде – 4 және Круглоозерныйда 3 көшенің жолы қалпына келтірілуде. Соның ішінде соңғы он шақты жылдан бері жол төсемі ауыстырылмаған Жәңгір хан көшесін де орташа жөндеу жүріп жатыр. Жұмыс аумағы 3 шақырымға жуық. Мұнда жаңа технологиямен жұмыс жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, ұсақталған қиыршық тасты асфальт бетон төсеудің игілігі мол. Бұл материал жолдың тез жарылуына қарсы тұрады. Өте төзімді әрі сапасы да жоғары.
- Ұсақталған қиыршық тасты асфальт бетон басқалардан құрамы жағынан ерекшеленеді. Мұнда қиыршық тас көп. 70-80 пайыз. Және де біз жол мықты болу үшін оған белсенді заттарды көп қосамыз. Сондықтан бағасы да жоғары. Соған сай сапасы да керемет. Жол ұзақ мерзімге шыдайды. Аязға төзімді. Біз зертханада қажет минералды қоспалардың, соның ішінде битумның тиісті мөлшерде қосылуын мұқият қадағалаймыз, - дейді
«Нұрсат» ЖШС зертхана меңгерушісі Гүлсара КӨБЕКОВА.
Жөндеуге байланысты кейбір жол бөліктері жабылды. Қоғамдық көліктердің қозғалыс бағытына өзгерістер енгізілді. Қоғамдық көлік демекші, қала әкімі «Газельдерді» сыйымдылығы үлкен автобустарға ауыстыру жайлы да мәлімет берді.
- Біз бір жылдың ішінде 121 «Газель» көлігін үлкен автобустарға ауыстыру туралы жоспарымыз бар. Бұл жөнінде «Қазақстанның даму банкісімен» келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жолаушы тамыслдайтын 6 кәсіпорынның 3-уі осы жұмысқа кірісуі керек, - деді
Орал қаласының әкімі Мұрат МҰҚАЕВ.
Қалад жалпы жолдың ұзындығы 300 шақырымды құрайды. Соның тек жартысы қатқыл табанды. Биыл 67 көшенің 72 шақырымын жөндеуге 8 млрд-тан астам теңге қаражат бөлінген.
Арман КУРМАНАЛИЕВ