09 сентября 2017

Қала күніне орай тынымбақ жаңартылды

Сүйікті шаһарымыздың төл мерекесі қарсаңында оралдықтар атқарылған бірқатар жарқын істердің куәсі болуда. Солардың бірі жаңартылған Пушкин тынымбағы. Көптен күткен салтанатты сәтпен тұрғындарды қала басшылығы құттықтады. Бүгін ертегі кейіпкерлеріне лық толы тынымбаққа жиналғандар бір сәтке ғажайыптар әлеміне түскендей күй кешті. Ақын мүсінінің алдында оқушылар өлең оқып, тетрландырылған көріністер қойды. Орыс халқының ұлы классигінің шығармалары түрлі жастағы оқырмандар арасында үлкен қызығушылыққа ие. Ал, бүлдіршіндердің қиялына қанат бітірген таңғажайып ертегілердің ұрпақ тәрбиесінде алар өзіндік орны бар. Бүгінде бұл тынымбақта тыңғылықты жөндеу жұмысы жүргізілген. Тек мүсін ғана сол күйінде тұр. Өйткені ол алғашқы қалпында жақсы сақталған. Ескерткішке гүл шоғы қойылып, ұлы ақынға тағзым жасалды. Бір қуанарлығы, мұндай демалыс орындарының саны жыл санап артуда. Ал, қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. - Өздеріңіз көріп отырғандай тынымбақ қайта жаңғырды. Бұлардың барлығы қала тұрғындары, демалушылар үшін жасалып жатқан жағдай. Шаһарымыз күннен-күнге көркейіп келеді. Абаттандыру ісі өз нәтижесін беруде, - деді Орал қаласының әкімі Мұрат МҰҚАЕВ. Ағымдағы жылы қаланы абаттандыруға 2 жарым млрд. тенге бөлінген. Бұл қаржыға тынымбақтар мен аулалар секілді 50 нысан қалпына келтірілуде. Қала басшылығы мұндай жұмыстардың алда да жүргізілетіндігін айтады. - Біздер төртінші және алтыншы шағын аудандар аралығындағы тынымбақты абаттандыратын боламыз. Биыл әлі 6 тынымбақты жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындаймыз. Бұл жұмыстар өз кезегімен жалғаса бермек, - дейді қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан ТҰҚФАТОВ. Пушкин тынымбағының жаңарып қалғанына тұрғындар дән разы. Керемет кейіпке енген бұл демалыс орнының тазалығын қадағалайтын боламыз дейді олар. - Мен бұл жердің байырғы тұрғынымын. Бірнеше жыл күтімсіз тұрып қалған тынымбақ қазір қарасаң көз қуантады. Жаңартылған келбеті өте ұнады. Осыны сақтауға тырысамыз, - деді қала тұрғыны Любовь ДОЛЖЕНКОВА. Салтанатты шара аяқталғанмен ертегі әлеміне айналған алаңнан балалардың тарағысы жоқ. Пушкиннің айналасына жиналған олар өздеріне ұнайтын ертегілерін айтып, өлеңдерін оқып беріп жатты. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp