Бұл тың бастама сотта қаралатын істер санын азайтып, медиация институтын жетілдіруге сеп болмақ. Облыстық әкімдікте басқосқандар жаңа жүйенің артықшылығын бағамдап, өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Диалог» және «ымыраға келу» қоғамда туындаған әр түрлі дауды шешудің тиімді тәсіліне айналуы тиіс. Бүгінде республика бойынша сотта орта есеппен 1,5 млн іс қаралады. Медиация институты сотта қаралатын істерді оңтайландырып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға оң әсерін тигізіп отыр. Ал бұл салаға ақпараттық жүйенің енгізілуі халықтың қалта шығынын азайтып, уақытын үнемдейді. Тың жоба әзірге екі кезеңде жүзеге асады. Электонды жүйе бірінші кезеңде халыққа қызмет көрсету орталығында іске қосылады.
- Халыққа қызмет көрсету орталығына келуші оператор арқылы медиаторлармен онлайн байланыса алады. Сол бойда қылмыстық немесе азаматтық істер бойынша медиаторлар азаматтардың өтінішін қабылдайды. Тіркеуден кейін келушіге медиатордың аты-жөні мен қабылдау уақыты нақтыланған түбіртек беріледі дейді, - БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі төрағасы Ақан Жұмағұлов.
.
- Барлық қызмет түрлері біртіндеп «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асатын болады. Жуырда «кәсіпкерлерді қабылдау» орталығын да ашамыз. Орталықта құқық қорғау органдарының өкілі, нотариус, прокурор, жергілікті полицей, тіпті медиаторлар болса артық етпейді. Себебі тұрғындар шаруасын бір жерден тындыруы тиіс деді, - облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Жобаның сәтті іске асуы тұрғындар мен медиаторлардың белсенділігіне тікелей байланысты. Қазір өңірде 224 кәсіби емес және 44 кәсіби медиатор бар. Ауылдық округтерде 140 медиация бөлмесі ашылған. Алайда барлығы өз бетінше жұмыс жасайды. Бұл сапалы қызмет көрсетіп, нәтижесін бағамдауға қол байлау болып отыр. Осы бағытта жұмысты оңтайландыруға бағытталған бірнеше ұсыныстар айтылды.
- Кәсіби емес медиаторлардың жұмысын талдау қиындық туғызып отыр. Біз медиация институтын жетілдіруге байланысты ұсыныс білдіре алмаймыз. Сондықтан арнайы бірлестік құрып, жұмысты жүйелеу керек. Медиаторларды дайындайтын мекемелер ғаламторда парақша ашып, ақпараттарын жариялап отыруы тиіс деп ойлаймыз дейді, - «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешені институтының директоры Бақыт Чингаева.
- Осы орайда облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, сот орындаушылардың, нотариустардың, адвокаттардың өз палатасы бар. Сондықтан сіздер де бірігіп, бірлестік құрғандарыңыз жөн. Сонда біз үшін нақты белгіленген заңды тұлғамен байланысқа шығауға мүмкіндік туады деген ұсынысын жеткізді.
Егер қанатқақты жоба өз нәтижесін берсе, үшінші кезеңі жүзеге асады. Онда медиаторлар жұмысының көрсеткіші сараланып, кері байланыс орнату сынды мүмкіндіктер пайда болады. Алдағы уақытта бұл жүйені мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізу жоспарда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ