Оралда сегізнші шілдеде Полиция басқармасы ғимаратының қасында әйел адам өз-өзін өлтірмек болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Азамат Тұяққалиев хабарлады. Қоғам белсендісі оқиғаның таңғы сағат тоғыздар шамасында болғанын айтады.
— Горотделға (Орал қаласының полиция басқармасы-ред.автор) жолдасым екеуміз бардық. Бастық Нұрланға кірейін деп жатқам. Ол орынбасарыма кіре қойшы деп айтты. Кабинетке көтеріліп келе жатқанда мына қарындас келе жатты. Ол өзін қызық ұстады. Оның қасында полиция қызметкері болды. Қолын артына ұстап алған. Жанынан қарасаң бір конвой алып келе жатқан сияқты көрінеді. Артында сөмкесін ұстап алыпты. Ойымда ештеңе жоқ жарты сағаттай қабылдауда болып, ғимараттан шықтық. Автотұрақта тұрған көлігіме жатсам ана қыз қоршауға мініп, асылып жатыр. Аяғына жабысып, түсіріп алдым, - дейді Азамат Тұяққалиев.
Әйел адам осы қылығын бірнеше мәрте жасауға тырысыпты. Оқиғаның куәгері Азамат Тұяққалиев сөмкенің бауын үзіп, полицияға хабар берген.
— Екінші көліктің қасына шауып барып, ол осы қылығын қайталады. Сол кезде басына жолдасым шауып барды. Жұбайым қызды сабырға шақырып жатты. Шауып барып, 102-ге хабарласып, сөйтіп жүргенде, әлгі қыз тағы да қоршауға шығып кетті. Тағы 102-ге хабарласып, кезекшілерге де қоңырау шалдым. Қыздан неге бұндай қадамға барғанын сұрадым. Ол: «Үш балам бар, күйеуім тастап кетті. Мойынымда 180 мың теңге несие бар»,– деп айтты. Оны несиеңді төлеп берейін, қолдан келгенше көмектесемін деп сабырға шақырдым. Солай тілдесіп тұрғанда тәртіп сақшылары келді. Мен қызды полицияға тапсырдым,– деді Азамат Тұяққалиев.
Болған оқиға жайлы полиция департаментіне сұрау салдық. Тәртіп сақшылары:«Сегізінші шілдеде сағат сегіздер шамасында Деркөл кенті бағытына қарай орналасқан автокөлік көпірінде 1990 жылы туған әйел адамның алкогольдік масаң күйде өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы хабарлама түскенін», деп хабарлады.
— Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері әйелді райынан қайтарып, оның өміріне қауіп төндіретін әрекетке жол бермеді. Кейін ол профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін Орал қаласының полиция басқармасына жеткізілді. Әйелдің айтуынша, мұндай әрекетке отбасылық мәселелер себеп болған. Профилактикалық әңгімеден кейін полиция ғимаратынан шыққан азаматша қайтадан өзіне қол жұмсау ниеті бар екенін айналасындағыларға айтқан. Осыған байланысты полиция қызметкерлері оны қайтадан бөлімге кіргізіп, жедел медициналық жәрдем шақырды, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Абырой болғанда, әйел адам дін аман. Оған психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету үшін дағдарыс орталығына орналастырылған.