Іс-шараны Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжі және Орал қаласының мансап орталығы бірлесіп өткізді.
Жәрмеңкеге 30 жұмыс беруші мекеме қатысып, қала тұрғындарына 150-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар ұсынылған вакансиялармен танысып, жұмыс берушілерден еңбек жағдайлары, жалақы мөлшері мен жұмысқа орналасу талаптары туралы тікелей ақпарат алды.
Шараның басты мақсаты – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейту.
Жәрмеңке әсіресе оқу орындарының түлектері мен еңбек жолын енді бастаған жас мамандар үшін тиімді алаңға айналды. Олар өз мамандықтарына сәйкес бос жұмыс орындарын қарастырып, әлеуетті жұмыс берушілермен тікелей тілдесуге және кәсіби бағыт-бағдар алуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, жастарды еңбек нарығына тарту, оның ішінде NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту және олардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсету мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Айта кетейік, бұл – Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының 2026 жылы ұйымдастырып отырған жетінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. Жыл бойы өткізілген мұндай шаралар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы өзара байланысты нығайтып, жастардың еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етуде.
Фотогалерея
3 фото