• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда инженер, электрик пен дәнекерлеушіге сұраныс көп

Оралда бос жұмыс орындары ұсынылған жәрмеңке өтті.
Оралда инженер, электрик пен дәнекерлеушіге сұраныс көп
Автордың фотосы

Оралда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға  бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 30-ға жуық жұмыс беруші қатысты. Олар оралдықтарға 160 бос жұмыс орынын ұсынды.  

— Іс-шара барысында жұмыс іздеуші азаматтар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, орталық мамандарынан барлық ақпарат, мағлұмат ала алады. Мамандар азаматтарға жұмыспен белсенді шаралары, бос жұмыс орындары, кәсіптік оқыту және «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» бойынша толық ақпарат берді. Яғни мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша түсіндірді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қала жастары, жұмыс іздеп жүрген азаматтар, борышкерлер, мүгедектігі бар жандар мен пробация есебінде тұрған адамдар қатысты, – дейді Орал қаласының «Мансап» орталығының маманы Гаухар Раисова.

«Мансап» орталығы қызметкерлерінің таратқан ақпарына сүйенсек, осы бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде киім ілгіште істейтін мамандар, қазандық операторларға деген сұраныс көп. Бұдан бөлек, жұмыс берушілер инженер,  электрик, дәнекерлеуші, білім беру ұйымдарында тәрбиешінің көмекшісін іздейді.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне білім беру, күштік құрылымдар, медициналық мекемелер, өнеркәсіп ошақтары мен жекеменшік компаниялар қатысты. Солардың бірі— «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік» компаниясы.

— Біздің компанияға диспетчер, әрлеуші, ауыр жүк көлігін тізгіндейтін жүргізуші, шебер, электр-монтер керек. Жас мамандарды да жұмысқа қабылдаймыз. Мысалы, электрмонтер қылып қызметке алсақ, бірінші екі айдай тәжірбиелі маманның қасында оқытамыз. Қалай жұмыс істеу керектігін үйретеміз. Межелі уақыттан соң ІІ -разрятты электр-монтер деген категория береміз. Диспетчерлер керек. Олардың бес жыл жұмыс өтілі болуы қажет, – дейді компанияның кадр инспекторы Толқын Апкешова.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде жұмыс іздеп жүрген жастар көп. Соңғы курста білім алатын студенттер ертерек еңбекке араласуды көздейді. Студент кезінен жұмысқа тұрғысы келетін жанның бірі – Майрамбай Есенкосов. Ол Маңғыстау облысы, Бейнеу қаласының тұрғыны. Кейіпкеріміз Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Тарих» факультетінің төртінші курсында оқиды.

— Осында келіп, бос жұмыс орындарын ұсынған бірнеше мекемемен таныстық. Полиция департаменті, №27 мектеп-лицейі мен гимназияға жолықтым. Әзірге 0,5 бірлікпен жұмыс істеуге рұқсат жоқ екенін айтты. Бірақ, музейлерге жұмысқа орналасуға ұсыныс тастап жатыр, – дейді Майрамбай Есенкосов.

«Мансап» орталығының таратқан ақпарына сүйенсек, Оралда 5800-ге жуық адам жұмыссыз деп тіркелген. Оның үш мыңнан астамы жұмыссыз қалғаны үшін тиісті өтемақы алып отыр.

Фотогалерея
1 фото
Фотогалерея
1 фото