Жаз айларынан бастап Оралдың көшелерін мен жол бойында қарбыз-қауын сатып тұрған сатушылардың қарасы көбейді. Қарбыздардың алуан түрі бар. Бағасы да әртүрлі. Кейбір тұрғындар осы өнім түрлерін жаппай сатып алып жатыр. Ал кейбірі әлі ерте деп, тамызды күтіп жүр. Кейде нитраты көп жидекті жеген жандар уланып та қалып жатады. Улану дерегінің алдын алу үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары сақтық шараларын ұстануды еске салады. Биыл өңірде қарбыздан уланудың ресми дерегі тіркелмепті. Қатердің алдын алу мына кеңестерге құлақ түруді сұрайды.
—Ең алдымен, бақша өнімдерін сауда жасауға рұқсат етілмеген орындардан және жол жиектерінен сатып алмау қажет. Себебі мұндай жерлерде азық-түлік өнімдерін сақтау және өткізу бойынша санитариялық талаптарды сақтау мүмкін емес. Жол бойында сатылатын қарбыз автомобильдің пайдаланылған газдарында болатын ауыр металдарды жинайды; сатушы сатылатын өнім үшін жауап беретін белгіленген сауда орындарынан (дүкен, маркет, базар) сатып алған жөн. Тұтынар алдында қарбызды ағын сумен мұқият жуу қажет. Сатушының қарбыздың піскендігін көрсету үшін конус тәрізді бөлігін кесіп беру туралы ұсынысынан бас тартқан дұрыс. Себебі пышақ арқылы қарбыздың жұмсағына бактериялар түсіп, тәтті ортада олар өте жылдам көбейеді, – дейді Батыс Қазақстан облысы санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева.
Сала мамандары адам ағзасына қауіпсіз салатын нитраттың мөлшерін атады. Қарбызда қауіпсіз шекті мөлшері – 60 мг/кг-ға дейін, ал қауындағы – 90 мг/кг-ға дейін жетеді екен.
Көше мен жол бойында сатып тұратын қарбыз бен қауынды заңсыз саудалағандар да табылыпты. Облыстық полиция департаменті күні кеше ғана белгіленген жерде бақша өнімдерін сатқан үш деректі тіркепті. 2026 жылдың алты айында өңірде белгіленбеген жерде өзге де тауарларды саудалаған 678 құқық бұзушылық анықталыпты. Заң бұзғандар Әкімшілік кодекстің 204-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.