Оралда коммуналдық төлемдер бір түбіртек бойынша төленеді

Бірыңғай төлем құжаты алдағы айдың басынан қолданысқа енбек. Сала мамандары жүйенің тиімді тұсын жіпке тізіп отыр. Егер барлығы сəтті жүзеге асса, тұтынушылар үшін бір түбіртек арқылы төлем жасаудың ыңғайлы тұсы көп секілді. Сондықтан бастаманы қолдаушылар көп. -"Электр энергиясын, су, жылу жəне қоқыс қалдығын шығару, кабельді телевидение жəне басқа да қызмет түрлерін жүзеге асырады. Бүгінгі күні "Орал-коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы" ЖШС екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасайды. Яғни бір мезетте төлем жасалынады жəне нəтижесі көрсетіледі",-дейді "Орал-коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы" ЖШС директоры Ерлан Мырзабеков. -"Газға ақша төлеу үшін облгазға барамыз, жарық ақысын төлеуге баспахана жаққа барамыз. Əр коммуналдық төлемді қаланың ана шеті мен мына жетіне жүгіріп жүріп төлеуші едік. Мынау жақсы жаңалық болды. Əйтеуір бір жерден төлесек уақытты үнемдейміз. Зейнеткерлерге ауа райының қолайсыздығында жүрудің өзі оңай болмайды. Бір жерден төлем жасауды қолдап тұрмын",-дейді қала тұрғыны Гүлсара Садирова. Тың жоба тұтынушылардың қаржысы мен уақытын үнемдейді. Нақтырақ уақытын айтар болсақ, аталмыш жүйе 1 желтоқсаннан бастап күшіне енбек. Бірыңғай төлем құжаты бұған дейін Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында енгізілген болатын. Енді келесі айдан бастап оралдықтар да жаңа үлгідегі түбіртікке қол жеткізгелі отыр. Бірыңғай төлем құжатының тиімділігі көп. Біріншіден бір түбіртек арқылы комиссиялық шығыстар үнемделеді. Яғни суық, әрі ыстық су, жылу және электр энергиясы пәтер иеленуші кооператив қызметінің ақысы бір құжатқа біріктірілген. Бұл әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың шығынын үнемдеуде тиын-тебен болса да байқалатын айырмашылық. Тұтынушылар коммуналдық қызметінің ақысы үшін терминал төлемдері арқылы да есептесе алады. Тек арнайы ережелерді ескерген жөн. Жаңа жүйені қалалықтар да тиімді есептейді. Енді бұл жүйеге телефон байланысы төлемдерін де енгізу жоспарланып отыр. Қазір бірнеше тараппен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Тұтынушылар үшін жүйенің қолайсыздығы жоба жүзеге асқан аймақтарда тіркелмеген. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp