• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда практиканы ауылдан өтіп, қалаға келе жатырған студент жол апатынан қайтыс болды

Жол апаты 27 қазанда болған көрінеді.
Оралда практиканы ауылдан өтіп, қалаға келе жатырған студент жол апатынан қайтыс болды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Әлеуметтік желі қолданушысы Оралда машықты ауылдан өтіп, қалаға бет алған студенттің жол апатынан қайтыс болғанын хабарлады. Ол өз жазбасында жастарды өз көлігімен 80 шақырым болатын жерге жіберу қаншалықты дұрыс әрі заңды ма деген сауалын қойды.

– Орал қаласындағы БҚАТУ университеті. Практиканы ауданда өткізу жарайды, бірақ студенттерді өз көлігімен 80 км жерге жіберу қаншалықты дұрыс және заңды? 27-і күні Тасқала-Орал тасжолында жол көлік оқиғасы орын алып, бауырым қайтыс болды. 2005 жылғы бала. Практикадан кері келе жатқанда. Неге оларды автобуспен жібермейді? Жақсы, өз көліктерімен барса да, жетекшісі неге жолды бағыттап алдарына түсіп апармайды? Неге шығарады мүлдем өз көліктерімен? Ректор, декан, куратор? Қайда қарап отырсыңдар? – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, жол апаты 27 қазанда сағат 11:30-дар шамасында болған. Орал-Озинки тас жолының 60 шақырымында  Lada Granta және Kia Sorento соқтығысқан.

— Апат салдарынан Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, сондай-ақ Kia Sorento автокөлігінің жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді.Lada Granta автокөлігінің жолаушыларының бірі ауруханада қайтыс болды.Жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, –деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желі қолданушысы сауал астына алған университетке хабарластық. Жоғары оқу орнының баспасөз қызметі оқиға бойынша қысқа қайырды.

– Қызметтік тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы соның барысында жан-жақты анықталатын болады. Нәтижесін хабарлаймыз, – деп хабарлады Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің баспасөз қызметі.

Сала мамандары қызметтік тексеріс қанша уақытқа жалғасатыны мен нәтижесін қай уақытта білуге болатыны туралы жақ ашпады.