Оралда Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған садақ атудан турнир аяқталды. Ел біріншілігі жастар, юниорлар және жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Ақмола, Жетісу және Батыс Қазақстан облысының құралайды көзге атқан мергендері бақ сынады.
Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте үшінші орынға Ақмола облысы тұрақтапты. Күміс медальді Жетісу облысы иемденген. Батысқазақстандық спортшылар бірінші орынды қанжығасына байлады.
Турнир түрлі жас ерекшелігі бойынша өтті. Оның қорытындысына келсек.
Рекурсивті садақ атудан 21 жасқа дейінгі ұлдар арасында Батыс Қазақстан облысының спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді. Бірінші орынды Асет Хайрушев, екінші орын Берекет Амангелді, үшінші орынды Ерасыл Аблахат иеленді.
Сайыстың осы түрінен қыздар арасында жеңісті Батыс Қазақстан облысының құрамасы өзара бөлісті. Үшінші орынды Дария Оналбай, екінші орынды Камилла Дускалиева иеленсе, алтын медальді Анастасия Солодовникова қанжығалады.
Рекурсивті садақтан 18 жасқа дейінгі ұлдар арасында Алматы қаласының спортшысы Давлет Сабитов үшінші орынға, Батыс Қазақстан облысының спортшысы Айтекеби Балмагамбет екінші орынға тұрақтады. Бірінші орын батысқазақстандық Леонид Родионовқа бұйырды.
Сайыстың осы түрінен бақ сынаған қыздар арасында дода тартысты өтті. Нәтижесінде Алматы қаласының спортшысы Полина Аникина жеңімпаз атанды.
Рекурсивті садақтан 15 жасқа дейінгі ұлдар арасында Жетісу облысының тумасы Амир Муртазов қарсыластарынан оза шауып, алтын медаль иеленді.
Рекурсивті садақ сайысында 15 жасқа дейінгі қыздар арасында Ақмола облысының спортшысы Ақбота Уваисова жеңімпаз атанды.
Блокты садақ атудан 21 жасқа дейінгі ұлдар арасында батысқазақстандық Вадим Великановқа жететін жан болмады. Ол жеңіс тұғырынан көрінді. Сайыстың осы түрінен қыздар арасында Жетісулық Милана Бурлева есімді бұрымды жеңімпаз атанды.