Облыс орталығында төрт жасар бүлдіршіннің өмірін сақтап, жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері марапатталды. Тәртіп сақшыларын аймақ басшысы марапаттады. Облыстық әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, оқиға оныншы шілдеде сағат 14:00-дер шамасында Орал қаласында болған. Полиция қызметкерлеріне Зачаганск кенті, Мөңкеұлы көшесінде орналасқан үйлердің бірінде жетінші қабаттың терезесінен шығып кеткені туралы шұғыл хабарлама келіп түскен.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкері Рысбек Агзамов, Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің қызметкері Рафаэль Ишакаев, Орал қаласының полиция басқармасының қабылдау-тарату орнының полиция жүргізушісі Батырбек Сейітов жедел әрекет етіп, бүлдіршінді аман алып қалды.
Аймақ басшысы балдырғанның өмірін арашалаған тәртіп сақшыларына алғысын айтып, олардың еңбегін атап өтті. Полиция қызметкерлеріне алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.