Орал қаласына қарасты Круглозерный кентінде жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мәдениет ошағын кент тұрғындары көп күтті. Ғимараттың ашылу салтанатына қала әкімі мен ардагерлер мен тұрғындар қатысты.
Орал қаласының әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, жаңа мәдениет үйінің ауданы 1500 шаршы метрден асады. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Мұнда 252 орындық көрермен залы, кітапхана, би мен спорт залы, шығармашылық үйірмелерге арналған және замануи жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Жаңа мәдениет үйі жеке инвестордың қаражаты есебінен салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталып, жобаның жалпы құны 550 миллион теңгені құрады.
Мұнда концерттер, шығармашылық кештер, мерекелік және қоғамдық іс-шаралар, тұрғындармен кездесулер өтеді. Балалар мен жастар үшін би үйірмелері мен спорт секциялары жұмыс істейді. Сонымен қатар ғимаратта №14 қалалық кітапхана орналасады. Бұл өз кезегінде кітап оқуға, білім алуға және зияткерлік дамуға арналған заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Круглоозерный кентінің тұрғындары мәдениет үйінің қажеттілігін көп жылдан бері көтеріп келді. Бұл мәселе менің тұрғындармен кездесулерім барысында да бірнеше мәрте айтылды. Сондықтан бүгінгі күн – кент тұрғындарының ортақ жеңісі әрі қуанышы. Инвестордың қолдауының арқасында әртүрлі буын өкілдерінің басын қосатын маңызды нысанды жүзеге асыруға мүмкіндік туды, – деді қала әкімі Мұрат Байменов.