Орал тұрғындары енді құжат рәсімдеу мен мемлекеттік қызметтерді алу үшін бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды. Қалада жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған жаңа форматтағы цифрлық кеңсе іске қосылды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа орталықтың басты ерекшелігі - уақыт үнемдеу мен өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі. Мұнда келушілер күрделі процестерге бас қатырмай, қажетті анықтамаларды санаулы минутта рәсімдей алады. Орталықтың ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев арнайы қатысты.
Кеңсе қалай жұмыс істейді?
Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін кеңістік бірнеше бағытқа бөлінген. Әр аймақ нақты міндетті атқарады:
- Экспресс-аймақ: Мұнда қарапайым анықтамалар мен базалық қызметтерді ешкімнің көмегінсіз, жылдам алуға болады.
- Цифрлық аймақ: ЭЦҚ кілтін алу, неке қию немесе бала туу туралы өтініш беру, мекенжайға тіркелу және әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу толықтай онлайн өтеді.
- Сараптамалық аймақ: Егер жағдай күрделі болса немесе жүйеден қате шықса, білікті мамандар жеке кеңес беріп, мәселені шешуге көмектеседі.
- Оқу аймағы: Смартфон мен компьютерді еркін меңгермеген азаматтар осы жерде цифрлық сауатын арттыра алады.
Аймақтағы цифрландыру қарқыны
Батыс Қазақстан облысында халықтың басым бөлігі ХҚКО-ға бармай-ақ, қызметті онлайн алуға көшкен. Жыл басынан бері өңірде 3,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, соның 98 пайызы электронды форматта орындалған. Ал мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалы ұсынған 629 мың қызметтің 60 пайызға жуығы қашықтан рәсімделген.
- Цифрландырудың басты өлшемі - технологияның күрделілігі емес, оның адам өміріне әкелетін нақты пайдасы. Жасанды интеллект жасына, тұрғылықты жеріне немесе цифрлық дағдыларына қарамастан, әр азаматқа заманауи қызметтерді еркін пайдалануға жол ашады, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Бұл жоба елдегі Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта өңірдегі өзге де қызмет көрсету орталықтары осындай заманауи форматқа кезең-кезеңімен көшеді.