Қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыру мақсатында Орал қаласында жолаушы тасымалдаушыларға талап күшейтілді.

Соның бірі -жолақы өскен мезетте қойылған шарт-автопарктерді жаңарту, газель автокөлігінен арылу болатын. Шаһарымыздағы тұңғыш президент атындағы алаңда Батыс Қазақстан облысы əкімі Алтай Көлгінов пен қала басшысы Мұрат Мұқаевқа су жаңа автобустар таныстырылды. "Vektor" маркілі жалпы саны 35 автобус №20 маршрутқа табысталып, аталған бағытта қатынайтын желідегі көліктер толықтай жаңаланып отыр.
-Келесі жылы "БРК-лизинг" компаниясы арқылы "Daewoo" маркілі 135 автобус алуды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін "Ақжол-авто" жəне "БатысДелижанс" ЖШС-нің №7 жəне №39 маршруттары жаңаланған еді. Енді бүгін "Уралтехсервис"компаниясына кезек жетті,-дейді Орал қаласының əкімі Мұрат Мұқаев.
Облыс орталығында 455 қоғамдық көлік жолаушы тасымалымен айналысады. 2 жыл бұрын олардың сапында 130 газель көлігі болса, қазіргі таңда 50-і ғана қалып отыр. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мұндай техниканы мүлдем желіден аластату үшін компанияларға банктерден тиімді несиелер берілуде. Осы бастаманың нəтижесінде тозған көліктер көрсеткіші қала бойынша 54 пайызға қысқарған. Жыл басындағы деңгейі 65 пайызды құраған болатын.
"Уралтехсервис" компаниясына тиесілі, осы күнге дейін ескі көліктерді пайдаланып келген №20 маршрут ие болып отырған əр автобусқа 70 адамға дейін сыяды. 4 бірдей бейнебақылау қондырғысымен жабдықталған. Оның екеуі салонының ішінде орналасқан.
Айта кетейік, жыл соңына дейін билік барлық қоғамдық көлік электронды билетпен қамтылады деп мəлімдеген болатын. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы бойынша биыл 8 бағытта қатынайтын маршрут электронды карталық билетке көшті. Сондай-ақ 7 маршрут "SMS BUS" бағдарламасы арқылы төлем жүйесін енгізді. GPS құрылғысы барлық 28 маршрутта қосылып, жолаушы автобустардың қозғалысын, қай аялдамаға таяғанын онлайн бақылап отыруына мүмкіндік туды. Бұл да заманауи қызмет сапасын арттырып, жолаушыға қолайлы жағдай туғызуға арналған шаралар легіне жатады. "Smartcity" тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жол картасы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Арман КУРМАНАЛИЕВ