Қоғамдық кеңестің мүшелері шаһар бюджетінің нақтылануын мақұлдады. Орал қаласының экономика және бюджет бөлімінің басшысы Азамат Қадыров бюджетті жіпке тізді. Облыс орталығының бюджеті 15 миллиард теңгеге ұлғаймақ. Қазына қаржысы 783 миллион теңгеге Орал қаласының өзіндік кірісінен толықса, 14,2 миллиард теңге облыстық бюджет есебінен келген трансфеттер мен кредиттік есебінен толықпақ.
– Орал қаласының өзіндік кірістерінің 783 миллион теңгесін келесі шығыстарға бағыттау жоспарлануда. 684 миллион теңге облыстық бюджеттен қарастырылған кредиттік шарттар негізінде сыйақыларды төлеуге, сонымен қатар қала әкімінің қызметін қамтамасыз етуге 35,6 миллион теңге, жалпыға бірдей әскери міндетін орындау шеңберінде іс-шараларға 7,5 миллион теңге, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің іс-сапарлары мен жәрдемақыларын қамтамасыз етуге 9,4 миллион теңге қарастырылып отыр-деді Орал қаласының экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыров.
Облыстық бюждеттен қарастырылған 14,2 миллиард теңгесі инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй сертикаттарын беруге, үй алуға жұмсалмақ.
– Коммуналдық тұрғын үй қорын қамтамасыз етуге 2,9 миллиард теңге. Ол өз кезегінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалдамалы пәтер сатып алуға 2,7 миллиард теңге. Сонымен қатар тұрғын үйлері апатты деп танылған азаматтарға тұрғын үй сатып алуға 100 миллион теңге қарастырылып отыр, - деді Орал қаласы экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы.
Облыстық бюджет есебінен ауған қаражаттың 2,5 миллиард теңгесіне инженерлік-инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ. Қыруар қаражатпен Орал қаласының «Ақжайық» шағын ауданының екінші кварталда орналасқан тоғыз қабатты баспананың арасында орналасқан инженерлік коммуникация жасалады. Бұған қоса облыс орталығын абаттандыру және көгалдандыруға 1,4 миллиард теңге қарастырылған.
– Бұл қаражат Орал қаласы Назарбаев даңғылындағы тратуарды ағымдағы жөндеуге 598 миллион теңге, Орал қаласының «Чапаев» саябағын қайта құру бойынша 582 миллион теңге, сонымен қатар Дина Нұрпейісова көшесіндегі тратуарды ағымдағы жөндеу, арықтар жүйесін жөндеу жұмыстарына 249 миллион теңге қарастырылған, – деп айтты Азамат Қадыров.
Қала бюджетінде коммуналдық шаруашылықты дамытуға 900 миллион теңге бөлінбек. Тұрғын үй сертификатын беру үшін 200 миллион теңге жұмсалмақ. Шаһардың бас қаржыгері Азамат Қадыров: «Орал қаласының нақтыланған бюджеті 155,9 миллиард теңге құрап, жыл басынан бері бюджет 8,1 пайызға артады», деп сөзін түйіндеді.
Қоғамдық кеңестің мүшелері бюджетті бір ауыздан мақұлдады.