Алматыда робот-ассистент өкпеге ота жасауға ат салысты. Күрделі ота Онкологиялық орталықта жасалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Медициналық мекемеде әрбір ота екі жарым сағат жасалған.
Операцияны Алматы қаласының хирургтары Харбин медициналық университетінің онкологиялық ауруханасының кеуде хирургиясы бөлімінің басшысы, Қытайдан келген профессор Сюй Шидунның қатысуымен халықаралық шеберлік сыныбы аясында орындады. Қытайлық маманның 35 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол кеуде қуысына үш мыңнан астам ота жасаған екен.
- Робот-ассистент хирургия шағын тіліктер арқылы күрделі операциялар жасауға мүмкіндік береді. Бұл ретте операциялық аймақтың үш өлшемді (3D) кескіні мен жоғары дәлдіктегі құралдар қолданылады. Тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, мұндай тәсіл қан жоғалтуды және операциядан кейінгі ауырсынуды азайтып, науқастың қалпына келуін жеделдетуі мүмкін, - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Шеберлік сабағы барысында орталық мамандары шетелдік сарапшымен бірге заманауи хирургиялық тәсілдерді, роботтандырылған операцияларға көрсетілімдерді және асқынулардың алдын алу мәселелерін талқылады.