Көкжөтелдің сәбилерге зияны қандай? Дерттің кесірін Денсаулық сақтау министрлігі жіпке тізді. Көкжөтел шақалаққа ата-анасынан, туыстарын жұғуы мүмкін. Ересектер бұл дертті ұзақ уақыт бойы байқамай, емделмей жүруі ғажап емес. Ал, жақында дүниеге келген сәби үшін көкжөтелдің зардабы ауыр болуы мүмкін. Дүниеге келген шақалақтың иммундық жүйесі әлі қалыптасып үлгермейді. Дәрігерлер сол себепті сәбиді инфекцияны жан-жақты қорғау өте маңызды деп айтады. Бұл қорғаныш нәресте жарық дүние есігін ашпастан бұрын басталады.
- Жүктілік кезінде ана ағзасындағы қорғаныш антиденелері плацента арқылы балаға беріледі. Ал жүкті әйелдің көкжөтелге қарсы вакцина алуы антиденелердің деңгейін арттырып, нәрестені өмірінің ең осал кезеңінде қорғауға мүмкіндік береді. Алайда анадан берілетін қорғаныс уақытша екенін түсінуіміз керек, - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Елімізде нәрестелерге көкжөтелге қарсы екпе екі айдан бастап егіледі. Дәрігер сәбиге Ұлттық егу күнтізбесінде белгіленген екпелерді алуды маңызды деп есептейді.