Қаржылық мониторинг агенттігі салық пен бюджет, өзге де міндетті төлемдерді төлеуден жалтарған Ұлан Байболовты Кореядан Қазақстанға экстрадициялады. Қолға түскен күдікті ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.
— Қылмыстық әрекет мынадай жолмен жүзеге асырылған: кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген, олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Осы тәсілде пайдаланылған кәсіпорындардың бірі «Сфера» ЖШС. 2014 жылы Ұлан Байболов аталған серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агентігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Топ мүшелері қылмыстық жолмен серіктестерінің есеп айырысу шоттарынан 2,5 миллиард теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұдан бөлек, қосымша есептелшен салық көлемі бір миллиард теңгеден асып жығылады.
Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданыпты. Агенттік: «Тергеу жалғасып жатыр, өзге ақпарат Қылмыстық кодекстің 201 бабына сәйкес жариялауға жатпайды»,– деп қысқа қайырды.