Су тасқынына қарсы жедел штабтың республикалық отырысы өтті
Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынына қарсы үйлестіру кеңесінің республикалық отырысына қатысты.

Үкімет басшысының төрағалымен өткен жиында су тасқыны мен қарғын судан келетін қауіп пен оның алдын алуға арналған іс-шаралар пысықталды. 13 наурызда еліміздің 67 пайызында әлі қар жатыр. Қазіргі таңда Қостанай облысында 150 сантиметрге дейін немесе одан да көп, Ақмола облысында қардың биіктігі-139 сантиметрге дейін екен. Павлоларда ақ ұлпаның биіктігі 160 сантиметрге жуықтайды. Ал, Қарағандыда бұл көрсеткіш 132 сантиметрді құрайды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан мен Атырау, Маңғыстау облыстарында қардың ери бастағанын жеткізді.
Республикалық жедел штабта Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамында 37 мыңнан астам адам, 13 мың бірлік техника, төрт мыңнан астам су айдау қондырғысы бар. Министрлік 640 бірлік жүзу құралы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарын топтастыру орындары белгіленгенін хабарланды. Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелері – тәулік бойы кезекшілікте. Сонымен қатар жалпы саны бір мыңға жуық қызметкер, 120 бірлік түрлі мақсаттағы техника, 123 су айдау және 39 бірлік жүзу құралы бар төтенше жағдай министрлігінің күштері мен құралдарының резерві дайындалыпты.
— Мемлекет басшысы су тасқынының алдын алу шараларына басымдық беруді тапсырды. Үкімет су тасқынының алдын алу және кері әсерін жоюға бағытталған ұйымдастырушылық-профилактикалық, инженерлік-техникалық және жедел шаралар қабылдауда. Дегенмен, аймақтардың дайындығы жоғары деңгейде болуы керек. Әкімдіктер елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдауы тиіс. Олардың айналасын топырақ үйінділерімен бекітіп, бірінші кезекте сырттан келетін суды бөгеу керек. Су өткізу құрылыстары, көпірлер мен тюбингтер қатып қалған мұз бен қоқыстардан тазартылып, қарғын суды өткізіп жіберуге дайын болуы тиіс. Өзен арналарын тазартып, бекіту қажет. Дала өзендерінің бітелуге айналған жерлерін кеңейту керек. Су басу қаупі жоғары елді мекендерде күштер мен құралдарды, оның ішінде тиісті техниканы дайындау қажет. Эвакуация орындарын анықтаңыздар. Олар тіршілікке қажетті барлық құралдармен жабдықталуға тиіс,- деді Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті әкімдіктер бірлесе, су тасқыны жағдайын тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Жағдай күрделенсе, қосымша күш тарту мен шараларды қабылдануы тиіс. Үкімет басшысы Атырау облысының әкімдігіне Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елді мекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.