Жыл басынан бергі 7 айда тіркелген тексерістер көлемі 18 %-ға азайған. Кәсіпкерлік саласында бұл көрсеткіш төрт есеге төмендеген. Бірақ бірқатар заң бұзушылықтар да бар. Бұл туралы облыстық құқықтық статистика басқармасында өткен семинар-кеңесте талқыланды.

Бақылау мен қадағалау органдарының тексерістері бұрынғыдан әлдеқайда азайды. Алайда тексерушілердің өздері заңды белден басып жатады. Мәселен, кәсіпкерлік кодексіне сай, тексеріс алдында бизнес өкілдерін 30 күн бұрын жазбаша хат түрінде құлақтандыру керек. Және тексерістің күні мен нысаны көрсетілуі тиіс. Алайда бұл талап сақталмайды. 7 айда 29 заңбұзушылық тіркелген.
- Теректі ауданында «Юнивест» ЖШС-е БҚО экология департаменті ішінара тексеріс жүргізген. Бірақ ескерту қағазында тексерістің мерзімі көрсетілмеген. Осындай заңбұзушылықтар Теректі ауданында 22 рет, Ақжайық ауданында 2, Зеленов пен Сырым аудандарында бір-бірден тіркелген. Көбінде төтенше жағдайлар, экология, қоғамдық денсаулықты қорғау органдары осындай бұзушылықтарға жол береді, - деп мәлімдеді
ҚР Құқықтық статистика комитетінің аға прокуроры Арман АХМЕТОВ.
Өрескел заңбұзушылықтар тексерісті жарамсыз деп тануға негіз бола алады.Тіпті уақтылы хабарланбаған ескерту үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылады. Заңсыз тексерістердің жолын кесу үшін құқықтық статистика комитетінің басқармасына бас тарту құқығы берілді.
- Жыл басынан бері басқарма 65 негізсіз тексерістің алдын алды. Соның ішінде кәсіпкерлікке қатыстысы - 46. Ең көп бас тарту көлікті бақылау инспекциясына, орман және аңшылық шаруашылық инспекциясына, өртке қарсы қызмет органдарына берілді, - дейді
БҚО құқықтық статистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы АСҚАР КАПУЛОВ.
Тексерістің мақсаты жазалау емес, түйіткілді мәселелерді шешу болуы тиіс. Ол үшін жаңа ақпараттық сервис жасалуда. Желтоқсанға дейін оны пилоттық тәртіпте іске қосады. Келер жылдан бастап жұмыс істей бастайды.
- Шартты атауы – esob. Ол мүлдем өзгеше жұмыс істейді. Бұл жүйе кімді қашан тексеру қажет екенін өзі анықтайды. Яғни, ақылды машина. Интеллектуалды машина. Адам әсері болмайды. Бұл, біріншіден, мемлекеттік органдардың бір-бірімен байланысын күгейтеді, екіншіден, жемқорлық қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді, - деп баяндады
ҚР Құқықтық статистика комитеті төрағасының орынбасары АБУ-АЛИ САТТАР.
Бизнеске қысым жасау мен заңсыз араласу деректері азайып келеді. Алайда қадағалау-бақылау органдары тарапынан кететін заңбұзушылықтар сол күйінде қалып отыр. Сол себепті мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың басшылары тексерістерді тағайындау мен өткізуді жеке бақылауға алғандары жөн.
Арман КУРМАНГАЛИЕВ