Ақтөбеде орналасқан №8 түзету мекемесіне бір күнде телефон мен ақша алып кірмек болғандардың жолы кесілді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға оныншы тамызда болған.
— Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мекеменің режим және жедел бөлімдерінің қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру шараларының кешенін жүргізді, — деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Тексеріс нәтижесінде сағат 15:50-де мекеме қызметкерлері «Строй-Проф» компаниясының жүргізушісінен 20 000 теңге көлеміндегі ақша қаражатын тауып, тәркіледі. Оның ішінде номиналы 10 000 теңгелік екі банкнот болған.
Екінші заң бұзушылық сағат 16:30 шамасында тіркеліпті. Сотталғанға сәлемдеме әкелген адамның заттары мен азық-түлік өнімдерін тексергенде донердің ішінде шағын телефон анықталған. Ұялы телефонды алып кірмек болған тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданған.