Дәріханадан антибиотикті дәрігердің рұқсатынсыз оңай сатып алатын күндер артта қалды. 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда микробқа қарсы препараттарды рецептісіз босату дерегі бойынша 38 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде заң бұзған кәсіпкерлер мемлекетке 8,2 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Тәртіп бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабының 1-бөлігі бойынша жазаланды.
Қай дәрілер заңсыз сатылып жатыр?
Тексеру нәтижесі көрсеткендей, дәріханалар көбіне халық арасында сұранысқа ие мына төрт антибиотикті рецептісіз сатуға тырысады:
- «Азитромицин»;
- «Цефтриаксон»;
- «Цефазолин»;
- «Ципрофлоксацин».
Соңғы жылдардағы статистика айыппұл көлемінің де, заң бұзушылық санының да өскенін көрсетеді. 2023 жылы 26 хаттама толтырылып, 3,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынса, 2024 жылы 45 дерек тіркеліп, сома 7,6 миллион теңгеден асты. Ал 2025 жылы 59 хаттама бойынша 9,5 миллион теңгеден көп айыппұл өндірілген.
Енді не өзгереді және мұның қаупі неде?
Дәрігерлер антибиотиктерді өз бетінше ішу ағзадағы бактериялардың дәріге төзімділігін арттыратынын ескертеді. Яғни келесі жолы ауыр инфекция жұқтырғанда, әдеттегі дәрілер мүлде әсер етпей қалуы мүмкін.
Осындай қауіптің алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, жаңа жүйе әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта тәуекелі жоғары дәрілік заттарға міндетті түрде электрондық рецепт енгізіледі. Бұл жүйе тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау базасымен тікелей байланысады — демек, дәріханалар әрбір қорап дәріні рецептсіз өткізе алмайды.