Оралда қоқыс қалдығын сұрыптайтын өндіріс кешені іске қосылды. Мұнда шыны бөтелке, пластикалық құты, қағаз бен полиэтилен пакеттер іріктелініп, қайта өңдеуге жіберіледі. Қаладан күніне 150 тоннадай қоқыс шығарылады екен. Алайда тұрғындардың тазалық сақтау мәдениеті төмен. Тіпті сол кішігірім істі атқаруға, яғни тұрмыстық қалдықты тиісті жәшікке төгуге де қиынсынады.

Қаладан жылына 55 мың тоннадай қоқыс шығарылады екен. Яғни әр оралдық бір жылда 200 келідей қоқыс төгеді. Полигонға жеткенге дейін қалдық әуелі контейнерге түсуі керек. Бірақ қала тұрғындары әр түрлі. Бірі күл-қоқысты бір аттам жердегі жәшікке төгуге ерінсе, енді бірі қоқысты сұрыптап, бөліп салуда. Қазір қалада пластикалық ыдысқа арналған бөлек жәшіктер пайда болды. Қағаз, әйнек бөтелкені қабылдайтын да арнайы орын бар. Дегенмен, тұрғындардың мәдениеті кем.
- Мен, мысалы, осы жасқа келсем де қоқысты жәшікке апарып төгемін. Ал жастардың көбісі, қасына қойып кетеді не көшеге лақтыра салады. Оларға бәрібір. Қалдықты сұрыптап, бөліп төгу де жақсы бастама. Тек көбі оны орындауға ерінеді, - дейді егде жастағы қала тұрғыны Галина ПЛАХОВА.
Қаланың орталығында осындай көрініс болса, шеткері аумақтарында да тазалықтың ауылы алыс. Мысалы, Зачаган кентіндегі су арықтары қоқыс алаңына айналған. Немқұрайлы тұрғындарды кінәлайын десең, жол бойында бірде-бір қоқыс жәшігі қойылмаған. Бірақ бұл қолыңдағы керексіз затты оңды-солды лақтыруға себеп емес.
Биылғы жылдың тек 8 айында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 43 мың тонна күл-қоқыс әкелінген. Өңірде қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі өткір тұр. Бүгін, міне, сол түйіннің тарқауына алғашқы қадам жасалғандай. Полигонда қоқыс сұрыптайтын өндіріс кешені іске қосылды
- Жаңа өндірістік кешен қабылдау алаңы мен екі конвейерлік желіден тұрады. Шыны бөтелке, пластикалық құты, қағаз бен полиэтилен пакет секілді сұрыпталған заттарды тұрмыстық бұйымдар жасайтын кәсіпорындарға жібереміз. Оның ішінде оралдық, алматылық, тағы да басқа қазақстандық кәсіпорындар бар. Ал қалған қалдық полигонда көміледі. Қаражат өзімізден бөлінді, - дейді «ЭКО-ПЛЮС» ЖШС директоры Ерік МАШБАЕВ.
Серіктестік жылына 80-100 мың тонна қоқыс сұрыптаймыз дейді. Бұрын тек қалдықты көмумен ғана айналысатын. Қоқыс полигоны жыл сайын өртеніп, іргедегі халықтың мазасын қашырған еді. Енді мұндай жағдай орын алмайды деп сендірді кәсіпорын басшылығы.
Егер қала көшелерінде әр қалдыққа бөлек жәшік қойылып, әркім қоқысты сұрыптап төксе, мұндағы жұмысшылардың ісі жеңілдер еді. Өйткені кешенде 8 адам қалдықтарды қолмен бөліп сұрыптайды.
- Мен әйнек және пластикалық заттарды бөліп реттеймін. Жұмысты жаңа бастадық. 50 мың теңге жалақы төлеуге уәде берді, - дейді жұмысқа жаңа орналасқан Мұрат КӨШІМОВ.
Өндірістік желі бір айдан кейін толық қуаттылығына көшеді. Әзірге қоқыс қалдықтарын сұрыптаймыз, кейін кешенді кеңейтіп, біртіндеп қайта өңдеуге көшеміз дейді серіктестік. Жалпы әр адам ғұмыр бойына 20 тоннадай қоқыс төгеді екен. Оны жою мәселесі әлемдік бас ауруға айналды. Әсіресе, жерде 450 жыл бойы өзгеріссіз қала беретін пластикалық бұйымдардың зияны орасан. Одан бөлінетін улы заттар топырақ арқылы жер асты суларын ластайды. Экологтар «Әлем пластикалық қалдықтан тұншыға бастады» деп дабыл қағуда. Біз де әлемнің бір бөлшегіміз. Сондықтан күн санап көлемі ұлғая түскен қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу ісі тезірек қолға алынуы тиіс.
Арман Курманалиев