15 қыркүйекте декларация тапсыру уақыты аяқталады. Күні бүгінге дейін 8232 батысқазақстандық салық есептілігін тапсырған. Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жалпы өңірде 11538 адам декларацияны тапсыруы шарт.
Декларацияны кім тапсырады?
- Мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары;
- Банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, сондай-ақ олардың жұбайлары;
- Жарғылық капиталдағы үлесі 10%-дан астам болатын заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары);
- Жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
- Өз бетінше салық салуға жататын табыстар алған тұлғалар;
- Шетелдік банктердегі шоттарында жалпы сомасы 1000 АЕК-тен асатын ақша қаражаты бар тұлғалар;
- Цифрлық активтері бар тұлғалар;
- Есепті салық кезеңі ішінде жалпы құны 20 000 еселенген АЕК мөлшерінен асатын, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде де мүлік сатып алған тұлғалар;
- Салық агентіне өзге де шегерімдердің алдын ала сомасы түріндегі салықтық шегерімдерді қолдану туралы өтініш берген тұлғалар есепті тапсыруы шарт.
Декларацияны кешіктіріп немесе мүлде тапсырмағандарға әуелі ескерту беріліп, құқық бұзушылық қайталанса айыппұл арқалайды. Өткен жылы салық есептілігін уақытылы тапсырмаған 47 адамға жауапқа тартылыпты.