Ақтөбе облысында ащы судан бас тартқан ауыл мен елді мекендердің қатарына 25-ке көбейді. Қазіргі таңда аймақта 59 ауыл ішімдіктен бас тартқан. Ақтөбе облысы әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, қазіргі таңда осы ауылдарда 14 мыңнан астам адам өмір сүреді.
Ащы суды сату мен ішуден бас тартқан ауылдардың ішінде Әйтеке би ауданында – 4, Алға ауданында – 3, Байғанин ауданында – 6, Ырғыз ауданында – 2, Мұғалжар ауданында – 8, Темір ауданында – 7, Ойыл ауданында – 4, Қобда ауданында – 4, Мәртөк ауданында – 9, Шалқар ауданында – 9, Қарғалы ауданында – 2 және Хромтау ауданында 1 ауыл игі бастаманы қолдады.
– Жүргізілген талдау нәтижесінде соңғы бес жылда аталған елді мекендерде қылмыс тіркелмегені анықталды. Сонымен қатар ішімдікті тұтынудан бас тартқан ауылдарда тұрмыстық жанжалдар мен құқықбұзушылықтардың азайғаны, қоғамдық тәртіп пен тұрғындар қауіпсіздігінің нығайғаны байқалады, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе өңірінде ішімдіктен бас тартқан ауыл жобасы 2017 жылы басталған еді. Тоғыз жыл бұрын Ойыл ауданына қарасты Қарасу ауылы бұл бастаманы алғаш болып қолдаған.