Батыс Қазақстанда шілденің шіліңгір ыстығына байланысты орман алқаптарында қызыл жалынның алдын алу үшін шектеулер енгізілді. Бұл туралы Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі мәлімдеді. Сала мамандары облыс әкімдігінің №155 қаулысы негізінде тиісті шектеу шаралары енгізілгенін хабарлады. Шектеу шаралары күн райы салқындап, жаңбыр жауғанша сақталмақ.
Ормандарда тілсіз жау таралмас үшін қандай шектеу енгізілді?
Күн сайын сағат 11:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жеке тұлғалар орман алқабында болмауы керек. Көлік құралдарының орман ішіне кіруіне және қозғалуына, орман шаруашылығына қатысы жоқ кез келген өзге жұмыстарды жүргізуге, ашық отты пайдалануға, от жағуға және құрғақ шөпті өртеуге. Сондай-ақ арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерде мангал, ошақтар орнатуға шектеу қойылды.
— Бұл шектеулер орман шаруашылығын жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, бақылаушы органдарға және арнайы орман көліктеріне қолданылмайды. Айта кетерлігі, ормандарға баруға шектеу енгізу азаматтардың қауіпсіздігін, олардың мүлкінің, сондай-ақ орман қорының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шара, – деп хабарлады Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі.
Қазіргі таңда орман алқаптарында рейдтік іс-шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Сала мамандары орман алқаптары мен саяжай аумақтарында от жаққан жандарды анықтауда. Заң бұзғандар жауапқа тартылады. Олар әкімшілік айыппұл арқалайды.