2025-2026 оқу жылында Батыс Қазақстан облысының орта білім беру ұйымдарында 1-10 сыныпта116 мыңнан астам оқушы білім алды. Олардың 114 мыңнан астамы немесе жалпы контингенттің 96,4 пайызы жазғы демалыспен қамтылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.
Жазғы демалыс инфрақұрылымы
Облыс бойынша барлығы 532 лагерь жұмыс істеді, оның ішінде:
- 16 қала сыртындағы лагерь;
- 509 мектеп жанындағы лагерь;
- 7 шатырлы лагерь.
Лагерьлердің жұмыс барысы
Жазғы сауықтыру науқанының негізгі бағыттарының бірі – қала және аудан сыртындағы лагерьлердің қызметі. Биылғы маусымда 15 мемлекеттік және біреуі жекеменшік лагерьде барлығы 5 543 баланың демалуы жоспарланды. Бүгінгі таңда мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын аяқтады, ал қала сыртындағы 16 лагерь тамыз айының 26-на дейін қызметін жалғастырады.
Білім беру және еңбекпен қамту
Балаларды қамтудың ең ауқымды түрі – мектеп жанындағы лагерьлер мен қосымша білім беру ұйымдарының күндізгі алаңдары. Бұл нысандар арқылы 108 918 оқушы, яғни барлық оқушылардың 91,4 пайыздан астамы демалыспен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар жасөспірімдерді еңбекпен және қоғамдық пайдалы істермен қамтуға ерекше назар аударылды. Уақытша еңбекпен қамту, волонтерлік қозғалыс, экологиялық акциялар және кәсіптік бағдарлау жобалары арқылы 34 473 жасөспірімнің қатысқан.
Әлеуметтік қолдау
Әлеуметтік осал санаттағы (аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ерекше білім беру қажеттілігі бар) балалардың демалысына басымдық берілді. Олар тегін жолдамалармен және қажетті қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда:
- Бурабай курорттық аймағындағы лагерьлерде 120 бала демалды;
- Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларына бағытталған танымдық экскурсиялар арқылы 1257 оқушыны қамту жоспарланыпты.