Атырауда мүгедектігі бар жандарды тасымалдайтын инватакси қызметі цифрлы форматқа ауысып, пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Цифрлы жүйе инватакси қызметін қолайлы әрі ашық жұмыс істеуіне мұрындық болмақ. Мүгедектігі бар адам қосымшаның көмегімен көлікке тапсырыс бере алады. Расталған өтінімдер автоматты түрде желіде жүрген жүргізушілерге бөдінеді. Тапсырыстың мәртебесі мен оның маршрутын сақтап, бақылауға болады.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сүйенсек, күні бүгінге дейін InvoTaxi жүйесіне 100-ге жуық пайдаланушы тіркеліп, 300-дей өтінім өңделген. Сынақ аяқталғасын 1200-ге жуық азаматтың мәліметін жүйеге енгізу жоспарланып отыр.
Пайдаланушылардың деректерін қорғау үшін верификациялау мен екі факторлы қорғау жүйесі қарастырылған. Қосымшаның интерфейсі көру қабілеті нашар адамдарға да бейімделген.
Әкімдік қызметкерлері мүгедектігі бар жандарды тасымалдайтын жүргізушілерге талап күшті. Олар жұмысқа кіріспес бұрын тексерістен өтіп, мүгедектігі бар адамдармен қарым-қатынас жасаудың ережелерін меңгереді.
— Әкімшілік панельде автокөліктердің орналасқан жері, тапсырыстардың мәртебесі және бұрынғы сапарлар жайлы ақпарат көрсетілетін карта бар. Көлік салонындағы бейнерегистраторлар қосымша бақылауды қамтамасыз етеді. Жобада мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орнын ашу да қарастырылған. Диспетчерлік қызметке негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар тартылмақ. Жиын соңында жүйені тестілеуді жалғастыру, оны толықтай пайдаланушылар базасына көшіруге дайындау және InvoTaxi жүйесін облыс аудандарында енгізу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды, – деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.