Бөрлі ауданында мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны 136-ны құрайды. Қазіргі таңда 124 адам ауданда мемлекеттік қызмет саласында тер төгіп жүр. 12 маманның орны бос тұр. Аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, есепшілерге сұраныс көп.
Бөрліде бос тұрған лауазымдарға жас мамандармен қамту ісі қолға алынды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызметке он жаңа үміткер конкурс арқылы сәтті жұмысқа қабылданыпты.
— Мемлекеттік мекемелердегі кадр тапшылығын жою және білікті мамандарды тарту мақсатында арнайы кешенді жұмыс жоспары бекітіліп, бірнеше негізгі бағыттар бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Біріншіден, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға арналған конкурстар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Екіншіден, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының бітіруші түлектерімен арнайы кездесулер өткізіліп, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту шаралары қолға алынған. Үшіншіден, мекемелердегі кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан кету себептеріне тұрақты түрде талдау жасалып, тиісті шаралар қабылдануда. Төртіншіден, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында түлектерді практикаға қабылдау арқылы талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту тетіктері іске асырылуда, – деп хабарлады Бөрлі ауданы әкімдігі.
Мемлекеттік қызметтің кадр саясаты жаңа деңгейге көтерілуде. Енді мемлекеттік мекемелерде ішкі мансаптық өсу жүйелі түрде жүзеге асырылып, білікті мамандар үшін арнайы кадрлық резерв жасақталуда.
Бұл бастаманың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтің қоғамдағы беделін арттыру. Осыған орай, бос жұмыс орындары мен қызметке орналасудың ашық рәсімдері туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, радиода және ресми әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сондай-ақ, азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы танымдық мақалалар жарық көруде.