БҚО-да екі «Jaña Klub» комьюнити-орталығы ашылды
Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталов пен Ақжайық ауданында екі комьюнити-орталық есігін айқара ашты.

Батыс Қазақстан облысында замануи комьюнити-орталықтары өз жұмысын бастады.Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі хабарлады. Ақжайық ауданында мәдениет ошағы 725 шаршы метрді алып жатыр. Комьюнити-орталықта дәстүрлі музыка әуесқойлары үшін «Домбыра» және «Ән-күй», қолөнермен айналысатындар үшін «Тігін», ал отбасылық демалыс үшін жайлы «Ана мен бала» аймағы бар. Сондай-ақ, жаңартылған кітапханада қауіпсіз интернет,заманауи web-55 жүйесі қарастырылған. Мәдениет ошақ оқу орны ғана емес, білім алатын және шығармашылық кездесулер ұйымдастыратын ыңғайлы алаңға айналды.
Осындай жаңа кітапхана Казталов ауданында да пайдалануға берілді. Аудандық кітапхананың аумағы 662 шаршы метрді қамтиды. Орталықта «Сана» оқырман клубы, қолданбалы өнерге қызығатындар үшін «Шебер қолдар» клубы, және суретшілер өз тәжірибесімен бөлісіп, шабыт алатын «Мозаика» шығармашылық бірлестігі жұмыс істейді.
Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов:
— Казталов және Ақжайық аудандарында заманауи кітапханалардың ашылуы – өңіріміздің мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Енді тұрғындар үшін жай ғана кітапхана емес, білім, шығармашылық және қарым-қатынас орталығы пайда болды. Мұндай бастамалар жерлестеріміздің әлеуетін ашуға, кітап оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға және өзін-өзі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі деп сенеміз, - деп атап өтті.
Батыс Қазақстан облысында кітапханаларды жаңғырту ісі өткен жылы басталған-ды. Игі бастама әкімдік, «Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қорының мұрындық болуымен іске асып жатыр. Өңірде 25 кітапхана жаңғыртылмақ. Мәдениет ошақтары жөндеу көріп, кітап қоры толықтырылып, кітапханашылардың біліктілігін артады. Бұл жоспарды орындау үшін «Қазақстан халқына» қоры кітапханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және кітап қорын жаңартуға 797 млн теңге бөлді. Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ғимараттарды жөндеуге 197,8 млн теңге қаржы салды. TANA қоры жобалық басқаруды ұйымдастыруға 53,5 млн теңге бағыттаса, қызметкерлерді оқытуды қамтамасыз ететін «Жас көшбасшылар қауымдастығы» ҚБ 22,67 млн теңге бөлді. Жобаның жалпы бюджеті – 1 070 936 284 теңгені құрайды. Күні бүгінге дейін 12 комьюнити-орталық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. қалған замануи кітапханалар 2025 жылдың сәуір айының аяғына дейін қызметіне кіріседі деп күтілуде.