Батыс Қазақстан облысында жеті мыңнан астам мұғалімге ChatGPT Edu лицензиялары табысталды. Бұл туралы Облыстық білім беруді ақпараттандыру және жобалау орталығы хабарлады. Жасанды интеллект ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, сабақ беру процесін жаңа деңгейге көтеруге мұрындық болмақ.
ChatGPT Edu педагогтерге сабақ жоспарын құрып береді. Тақырыпқа сай сценарий мен қызықты тапсырманы санаулы секундта жасақтайды. Бұған қоса сабаққа қажетті көрнекі құралдарды да жылдам даярлайды. Тіпті әр оқушының деңгейіне байланысты тапсырмаларды дайындауға қол ұшын созады. Жасанды интеллект мұғалімдердің уақытын үнемдеп, құжатты жылдам өңдейді екен.