Тамыз айында ата-аналар балаларын жаппай мектепке дайындай бастайды. Нарықта балалар киімінің алуан түрі сатылады? Бағасы да, сапасы да әртүрлі. Таңдауда да мол. Бірақ оқушының саулығына зиян келтірмей, емін-еркін оқуына кедергі келтірмейтін киімді қалай таңдайды? Осы сауалдарға Батыс Қазақстан облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жауап берді.
Химиялық және биологиялық қауіпсіздік: Неге мән беру керек?
Кез келген мектеп формасы Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің (ТР ТС 007/2011) қатаң талаптарына сай болуы шарт. Бірінші кезекте киімнің химиялық құрамы маңызды. Матадағы формальдегид пен ауыр металдардың мөлшері белгіленген шектен аспауы тиіс.
Екінші маңызды фактор — биологиялық немесе гигиеналық қауіпсіздік. Сапасыз материал баланың терісін тітіркендіріп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Сондықтан киімнің теріге жайлы болуы басты назарда тұруы керек.
Ауа өткізгіштік және гигроскопиялық қажеттіліктер
Оқушы сыныпта ұзақ уақыт отыратындықтан, киімнің ауа алмасу қасиеті жоғары болуы тиіс. Мата денеге «тыныс алуға» мүмкіндік беріп, жайлылық сыйлауы қажет.
Сонымен қатар ылғал сіңіргіштік қасиеті де маңызды рөл атқарады. Сапалы материал ылғалды жақсы сіңіріп, оны сыртқа шығарады, бұл баланың терлегіштігін азайтып, денсаулығын қорғайды.
Беріктік және таңбалауды тексеру әдісі
Форма күнделікті киілетін болғандықтан, матаның түсі жууға, терге және үйкеліске төзімді болуы шарт. Сонымен қатар тігістері мықты, ал түйме мен сыдырмалар сенімді бекітілуі қажет.
Дүкеннен киім таңдағанда міндетті түрде жапсырмасына (таңбалауға) назар аударыңыз. Онда өндіруші ел, импорттаушы, өнім түрі, дайындалған күні және ЕAC белгісі міндетті түрде қазақ және орыс тілдерінде көрсетілуі тиіс.
(Құрметті оқырман, мектеп формасын сіз қалай таңдайсыз? Неге мән бересіз? Мектепке арналған киімді балаңыз қанша уақыт киеді? Сапасына шағымданған кезіңіз болды ма? Ой-пікіріңізді жаза кетіңіз. (Соңғы абзац әлеуметтік желіге арналған).