Оралда 150 оқушы күй тартты
Оралда 150 бала мен 50 шақты мұғалім домбыра тартудан челледжге қатысты.

Оралда Наурыз мерекесінің қарсаңында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен «Күй күмбірі» атты челлендж өтті. Оған Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебі мен балалар өнер мектебінде оқитын өнерлі өрендер мен ұстаздар қатысты. 150 оқушы бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» мен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты. Челледж Орал қаласында №7 мектепте ұйымдастырылды.
— Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы, Орал қаласы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен балалар өнер мектептері мен музыка мектебінің тәрбиеленушілерімен, жетекшілері республикалық «Күй күмбірі» домбыра челледжіне қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты- ұлттық құндылығымызды дәріптеу, ұлттық болмысымызды жас өскелең ұрпақтың бойына дарыту, ұлттық күйімізді, музыкамызды дәріптеу, - дейді Орал қаласы білім беру бөлімінің әдіскері Тұрсын Темиршеева.
«Күй күмбірі» челледжі еліміздің түпкір-түпкірінде өтті. Республика бойынша сағат 11.00-де өнерлі өрендер «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса», «Ерке сылқым», «Көксерке», «Көроғлы» күйін тартты.