09 марта в 08:00

Оралда қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылды

Кеңеске 23 адам мүше болды.

Кеңеске 23 адам мүше болды.
Автордың фотосы

Орал қаласы әкімдігінде жаңадан жасақталған қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылды. Бұған дейін 2025 жылдың 17 қаңтарында  қоғамдық кеңесті іріктейтін жұмыс тобы құрылды. 10 күннің ішінде қоғамдық кеңеске мүше болғым келеді деген 37 оралдық өтінішін беріп, құжатын өткізген. Жұмыс тобы екі адамның өтінішін бірден қайтарыпты. Себебі қос кандидат бұған дейін екі мәрте қоғамдық кеңестің мүшесі болған. Заң талаптарына сәйкес кандидаттар үшінші мәрте қоғамдық кеңеске мүше бола алмайды.

 Іріктеудің нәтижесінде кеңеске 23 адам мүше болды. Оның бесеуі мемлекеттік мекемеде жұмыс істейді. Қалған кеңес мүшелері қоғамдық бірлестік, саяси партия мен кәсіпкерлер екен. 12 ақпанда Орал қаласы мәслихаты төрағасымен жаңа қоғамдық кеңес жасақталып, бекітілді.

Қоғамдық кеңеске лайықты адамдар мүше болды деп айта аламын. Кеңестің құрамында 5 саяси партияның өкілі бар. Сондай-ақ, қаламызға белгілі қоғамдық бірлестіктер мен қауымдастықтардың өкілдері  кеңеске мүше болды. Қоғамдық кеңесте барлық дерлік саланың тәжірибелі мамандары жасақталды. Жұмыс тобының мүшелеріне алғысымды айтамын. Олар уақытпен санаспай жұмыс істеді, -дейді жұмыс тобының төрағасы Бақытжан Нұрбаев.

Жиында Орал қаласының қоғамдық кеңесінің төрағасы сайланды. Алдағы үш жылда жаңа кеңесті Жұмабек Жапбарқұлов басқармақ. Кәсіпкер 1987 жылдан бері облыс орталығында өмір сүреді. Жұмабек Қахарұлы Орал қалалық мәслихатының жетінші  шақырылым депутаты болды. Жаңа төраға сенім білдірген әріптестеріне ризашылығын жеткізді.

Алғашқы жиында қоғамдық кеңестің мүшесі болудан өз еркімен бас тартқан Бауыржан Атауов шығып, оның орнын резервтік тізімге іліккен Азамат Тұяққалиев басты.

Қоғамдық кеңесте 5 комиссиясының төрағасы сайланды. Экономика, бюджет және қаржы жөніндегі комиссияны Ғалым Орынғалиев, индустриалды даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық мәселелер жөніндегі комиссиясын Рафхат Данағұлов басқарады.Әлеуметтік мәселелер және жастар ісі жөніндегі комиссияны Үзілдік Елеубайқызы, нормативтік-құқықтық мәселелер және жұртшылықпен байланысты жөніндегі комиссияны Диас Жәнібеков және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы болып  Талғат Зарифов сайланды.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp