• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда үй аламыз деп ақша салғандар опық жеп қалды

Үй аламыз деп ақша салғандар ақшасын қайтара алмай жүр.
Оралда үй аламыз деп ақша салғандар опық жеп қалды
Кристина Кобинаның фотосы

Оралда тұрғындар Мөңкеұлы, 70А мекенжайында салынып жатқан үйден баспаналы боламыз деп ақша құйған. Бірақ көпқабатты баспананың құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай, ақша салғандар сандалып жүр. Ашынған салымшылар Орал қаласының прокуратурасына келді. Прокурорлар азаматтарды қабылдап, журналистерді ғимаратқа кірбей қойды. Тұрғындарды қала прокурорының орынбасары қабылдапты-мыс.

Жиыннан шыққан азаматтар жан айқайын жайып салды. Олардың дені үйлі боламыз деп Исмайл есімді азаматпен келісімшартқа отырып, ақша салған. Бірі - пәтер құнының толық соммасын өтесе, енді бірі- жартысын төлеп қойыпты. Қазір не ақшасын, не үйін ала алмай жүрген 60-қа жуық адам бар екен. Соның бірі - Индира Жарманова. Ол 2024 жылы бір бөлмелі пәтер аламын деп ақша берген. Сол кезде баспананың құны 6,5 миллион деп бағаланған. Кейіпкеріміз баспананың жарты құнын үш миллион теңгесін компания өкілдеріне қолма-қол санап берген.

Главный баннер

- 2024 жылы "Жайық строй" компаниясынан бір бөлмелі үй алам деп ақша салдым. Енді не ақшам жоқ, не үйім жоқ. Үйдің келісімшартында тіпті пәтердің нөмірі де, подъездің де жоқ. Ол үй 2020 жылдан бастап салынып, сатылып жатыр екен. Оны біз білмейміз. Мына жерде тұрғандардың көбі 2020 жылы алғандар. Солар (мердігерм-ред.автор) бір үйді екі адамға, үш адамға сатқан. Төрт адамға сатқан иелер бар. (...) Біздер пәтерді арзан деп сатып алып тұрмыз. Мен үш миллион теңге аудардым. Мен 6,5 миллионға алып тұрмын. Үш миллионды салып тұрмын. Ақша толық бермегеніме өзіме рақмет айтамын. Кейбір адамдар түгел салыпты. Енді олардың ақшасы да жоқ, үйде жоқ. Үйдің аумағы құжатта 40 шаршы метр деп жазылған. Үй құжат бойынша бес қабатты. Қазір алтыншы қабатын салып жатыр. Қазір жұмыс тоқтап тұр. Бұны басқа адамға, инвесторға сатқан. Инвестор бізге дұрыс жауабын айта алмай тұр. Халықтың ақшасын кім қайтарады? Үйді кім береді? Соның жауабын күтеміз. Үйді салған мердігер жер мен үйді сатып жіберген, - дейді Индира Жарманова.

Баспаналы боламын деген арманы орындалмай, не ақшасын не үйін ала алмай жүрген жанның бірі - Гүлайна Ким. Ол Мөңкеұлы 70Б мекенжайында салынып жатқан үйден екі пәтер алмақ болып, он миллион теңгесін санап берген. Гүлайна пәтерін күтіп жүргеніне екі жылдай уақыт өтті. Зардап шеккен тұрғындар барлық уәкілетті органдарға шағымданғандарын айтады.

- Осы уақытқа дейін біздер әкімдік, ГАСК (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы-ред.автор), БТИ (техникалық түгендеу бюросы-ред.автор) барлық жерге бардық. Бүгін прокуратураға да келіп тұрмыз. Ешқандай нәтиже жоқ. Алдағы уақытта жоғары жақтағы адамдардан көмек сұраймыз. Тіпті осы үндеуіміз президентке дейін жетсе екен дейміз. Біздің санымыз көп. Біздің жан айқайымызды естіп жатырған ешкім жоқ. Орал қаласы бойынша барлық басшылыққа, бару керек жерлерге барып жатырмыз. Бірақ ешкім ешқандай нәтиже шығарып жатқан жоқ. Мен өз басым екі жыл болды күтіп жүргеніме. Үйдің ақшасын 100 пайыз төледім. Бірақ ешбір құжатты қолыма ала алмай тұрмын. Әкімдікте соңғы жиналыс болғанда бізге айтты: "Ақшасы төленіп тұрғандарға тек қаражат қайтарылады", деді. Бірақ нақты уақыты белгісіз. "Қолында құжаты барлар үй алады",- деп айтты. Біздер үйдің ақшасын 100 пайыз төледік, біз тек ақшамызды қайтара аламыз. Ешқандай өтемақысыз, қанша салдық, сонша ала аламыз. Тағы бір сауал бар. Неге барлығымыз бір уақытта ақша саламыз, тұрғындардың жартысы техпаспорт алып, үйді өз атына заңдастырып алады. Қалған тұрғындар неге қалып қояды? Біздің алған ақшамыздың құны жоғалды. Құны жоқ ақшамызды да бізге қайтарып берсе екен, - дейді Гүлайна Ким.

Гүлжан Жанғали да 2024 жылы баспаналы боламын деп мердігерге бес миллион жарым теңге ақшасын санап берген. Ол да Исмайл есімді азаматпен келісіп, келісімшартқа отырған. Оған да Исмайл "салынбаған бесінші қабатта үйіңіз осы болады, 2024 жылдың желтоқсанында баспананың құрылысын аяқтаймын", деп уәдесін үйіп төккен.

- Менің ұлым бар. Маған үй керек. Содан бері Исмайлға бардым, хабарластым. Үй қалай төбесі жабылмады сол күйінде тұр. Группада ол үйдің техпаспорты жасалған деп шығып жатыр. Бір адамға жасалған. Бірақ тап сол пәтер екі-үш адамға сатылған. Оны әкімдікте бәрі біліп отыр. Бүгін осы жерде 50 шақты адам жиналып тұрмыз. Есік, терезесі жасалмаған үйге қалай техпаспорт жасалды? Газ өткізілмеді, электр қуаты да жоқ. Құжатты қалай, кім жасап отыр? Осыны сұрасаң біріне бірі сілтейді. Мен ондай соммаға үй ала алмаймын. Мен отказной жаздым. Исмайлдың өзіне де айттым. Мен "күте алмаймын, күтетін уақытым жоқ", деп. Маған салған ақшамды қайыршы, деп айттым. Ақша да жоқ. Барсаң не телефон алмайды, не кеңесінде болмайды. "Анда жүрмін, мында жүрмін", дейді. Тым болмаса ақшамызды қайтарсын. Қазір басқа мердігер жұмыс істеп жатыр. Ол Исмаилдан алған адамдар үшін жауап бермейді, - дейді Гүлжан Жанғали.

Ал, Темірхан Батырғали Мөңкеұлы 70А мекенжайында салынып жатқан үйден үш бөлмелі пәтер алғысы келген. Ол қоныстың 50 пайызын төлепті. Бұған қоса 400 мың теңгені жертөледе орналасқан ғимаратты сатып алуға берген.

- "Ақтау Инвест стройдың" сол кездегі техникалық директорымын деген Нұрғалиев Исмайл Құмарғайұлымен үш бөлмелі пәтер алуға келісімшартқа отырдым. Пәтер құнының 50 пайызын қолма-қол төледім. Барлығы жеті миллион 400 мың теңге ақша төледім. 400 мыңды жертөледе орналасқан он шаршы метр болатын ғимарат алуға төледім. 2022 жылы бірінші үй пайдалануға берілді. Екінші қабаттан үш бөлмелі пәтер алатын болып, Исмайлмен келісіп, алып келген нәрсесін алып келдім. Электр счетчик пен газ плита әкеліп қойдым. Олар "газ өткіземіз, свет жүргіземіз", деп айтты. "Есігін ауыстырамыз, темір есік қоямыз",  деді. Содан кейін барғанда ол пәтер басқа біреудің үйі болып шықты. Басқа адамға сатып жіберген. Содан бері ақшамызды да ала алмаймыз, пәтерде берілмейді. Біздер Исмайлдан ақшамызды қайтарып беруді талап етеміз. Біздер прокуратурадан әділдік тілейміз. Істі жүргізіп, біз сияқты алданып қалған адамдарға ақшамызды қайтарып беруін, көмектесуін талап етеміз, - дейді Темірхан Батырғали.

Тұрғындар бұған дейін сәуір айында полиция департаментіне арыз жазыпты. Алайда тәртіп сақшылары қылмыстық құрам жоқ деген сылтаумен істі жауып тастаған көрінеді. Әкімдікте бірнеше мәрте жиналыс өтіпті. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Амалы таусылған тұрғындар прокурорлардан көмек сұрап отыр. Жиналысқа тілшілерді кіргізбеген прокурорлар "Қазіргі уақытта қылмыстық іс өндірісте", деп хабарлады.

- 2026 жылғы 30 шілдеде қала прокуратурасында "Jaiyq Stroy" ЖШС-нің болжамды алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды жеке қабылдау өткізілді, оған шамамен 20 жәбірленуші қатысты. Жеке қабылдауға қала прокурорының орынбасары, Зашаган полиция бөлімінің бастығының орынбасары, қылмыстық іс жүргізуінде жатқан тергеуші, сондай-ақ Зашаган полиция бөлімінің қадағалаушы прокуроры қатысты. Қабылдау барысында жәбірленушілерге сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы мен нәтижелері түсіндіріліп, олардың уәждері мен өтініштері тыңдалды, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берілді. Қылмыстық іс қала прокуратурасының бақылауында, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы.

Үйлердің құрылысымен айналысқан мердігер компанияның өкілі Исмайл мырзадан мән-жайды анықтап білмек болдық. Алайда мердігер телефон құтқасын көтермей, меседжерге жазған хабарламамызды жауапсыз қалдырды.

 

Главный баннер --> after article