Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатуға талап күшейтілді
Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатудың жаңа ережесі енгізілді.

Елімізде зергелік бұйымдарды саудалауға қатысты талап күшейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Жаңа өзгерістерге сәйкес сынамалау таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сатқандарға жаза қатаңдатылады.
Зергерлік бұйымдарды жосықсыз сатқан сатушылар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 190- бабы, бірінші бөлімі бойынша жауапқа жазаланады. 2025 жылдың 13 наурызынан заң бұзған делдалдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыры сауда және интеграция министрлігіне берілді.
Қазір қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заңына сәйкес, ел аумағында сынамалау таңбасы, сондай-ақ сынама палаталарында (сынақ зертханаларында) бұйымға сараптама жүргізілгенін растайтын атаулы белгінің бедерінсіз сатуға жол берілмейді.
Осы ережелерді бұзған жандар 190 мың теңгеден 580 мың теңгеге дейін айыппұл арқаламақ. Министрлік кәсіпкерлік субъектілерінің санатына (кіші, орта, ірі) сай айыппұл мөлшері өзгереді. Заң бұзушылықтар қайталанған жағдайда айыппұл сомасы ұлғаятынын хабарлады.