Батыс Қазақстан облысында баспаналы болғысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау көрсетіліп жатыр. Өңірде ипотеканың алғашқы жарнасын жабу үшін 1,5 миллион теңгеге дейін өтеусіз сертификаттар беріледі. Бұл – қарызды қайтаруды талап етпейтін бірреттік көмек. Мемлекеттік
Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, биыл бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 480 миллион теңге бөлініпті. Қараша айының басындағы дерек бойынша, 325 миллионнан астам теңге игеріліп, 277 отбасы өз баспанасын алды. Өткен жылы 195 отбасы мемлекеттің қолдауына ие болды.
Тұрғын сертификаты кімге беріледі?
Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының таратқан мәліметке сүйенсек, мемлекеттік қолдау барлық тұрғынға бірдей берілмейді. Тұрғын үй сертификатына мына санаттағы жандар иек арта алады:
- Ұлы Отан соғысына теңестірілген ардагерлер мен соғыс қатысушылары;
- 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар жандар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 29 жасқа толмаған жастар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе көпбалалы аналар мен отбасылар;
- Қандастар және толық емес отбасылар;
- Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, ауыл шаруашылығы мен құқық қорғау саласының мамандары;
- Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері.
Сертификат сомасы және қалай алуға болады?
Бөлінген көмек көлемі бастапқы жарнаның 90 пайызын құрайды, бірақ ол 1,5 миллион теңгеден аспауы тиіс. Қаражат тек Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарламалар арқылы үй алуға немесе жағдайды жақсартуға бағытталған.
Қызмет толығымен онлайн түрде көрсетіледі. Тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдеріне жүгініп, бұл көмекті ешқандай ақысыз небәрі үш жұмыс күні ішінде рәсімдей алады.