13 тамызда дүние жүзі елдері донор күнін атап өтеді. Донор күнінің мән-маңызы ерекше. Бұл күні трансплантология мәселесіне қоғам назарын аударуды мақсат тұтады.
Денсаулық сақтау министрлігі елімізде қазіргі таңда 4739 адамның күту парағында тұрғанын мәлімдеді. Кезек күтіп отырғандардың 125-сі балалар. Ағза күтіп жүргендердің 4208-і бүйрек, 293 адам бауыр, 208 науқас жүрек, 30 адам өкпені трансплантациялауды күтіп отыр.
Күту парағын азайту үшін ағзаны трансплантациялайды. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, соңғы жылдары ағзаны алмастыру оталарының саны артқан. Мәселен, 2023 жылы 236 операция жасалса, 2024 жылы — 260, 2025 жылы — 310 операция жүргізілді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 150 трансплантаттау жасалды, оның 30-ы қайтыс болған донорлардан алынған ағзалар арқылы орындалды.
— Қайтыс болғаннан кейінгі әлеуетті донорлардың саны артып келеді Қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту бағытында да оң динамика байқалады. Егер 2023 жылы 49 әлеуетті донор анықталса, 2024 жылы — 86, ал 2025 жылы олардың саны 186-ға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 108 әлеуетті донор анықталды. Сегіз жағдайда мультиағзалық алу жүргізілді, яғни бір донордың ағзалары бірнеше пациентке көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте әлеуетті донор — ағзалары автоматты түрде алынатын адам емес. Әңгіме дәрігерлер консилиумы белгіленген тәртіппен ми өлімін анықтаған және донорлыққа қойылатын медициналық өлшемшарттарға сәйкес келетін пациент туралы болып отыр. Осыдан кейін адамның көзі тірісіндегі ерік білдіруі тексеріліп, заңнамада көзделген барлық рәсімдер жүргізіледі, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда 172 мыңнан астам қазақстандық өз ұстанымын білдірді. Тұрғындар донорлыққа қатысты өз шешімін алдын ала eGov арқылы білдіре алады. Қазіргі таңда мұндай таңдауды 172 283 адам жасады. Оның ішінде 16 109 адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісімін білдірсе, 156 174 адам бас тартқан.