Елімізде 4500-нан астам науқас ағзаның транспланталогиясына мұқтаж. Олар қажет ағзаны жылдар бойы күтеді. Кейбірінің бағы жаны аман қалса, кейбірінің арманы сол күйі орындалмай қалады. 100-ден астам бала донор күтіп жүр. Олар Алматы мен Астанада орналасқан арнайы орталықта ем-дом қабылдап, өмір сүруде.
Батыс Қазақстан облысында ағзаны күтіп жүргендердің саны 150-ден асып жығылады. Науқастардың саны әркез өзгеріп отырады.
Медицинада ағзаны алмастырудың екі тәсілі бар. Оның бірі– туысқаннан ағза алу, енді бірі — мәйіттік донорлық. Дәрігерлердің таратқан ақпарына сүйенсек, қазіргі таңда елімізде ағза алмастырудың 85 пайызы осы туысқандық донорлыққа тиесілі. Қазақстанда мәйіттік транспланталогияға келісім беретіндер аз.
Тірі адамның ағзасын тек туысқанына беруге рұқсат берілген. Ол туыстық қатынасты да заңды құжаттар арқылы дәлелдеуі керек. Ағзаны сату не саудалауға заң және дінмен тыйым салынған. Дені сау адам транспланталогияға келісім бере отырып, өз басын қатерге тігеді. Ол түрлі дертке ұшырауы мүмкін.
Дәрігерлер ағза күтіп жүрген науқас пен туысқанының өмірін қатерге тікпеудің жалғыз жолы-мәйіттік донорлық екенін айтады. Мәйіттік донорлық қалай жүзеге асады? Кімнің ағзасын транспланталогияда қолданады? Марқұмның туыстары мәйіттік донорлықты қалай қабылдайды? Осы сауалдарымыздың жауабын білмек үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша транспланталогия бөлімінің өңірлік үйлестірушісі Индира Семеновамен тілдестік.
Индира Алтайқызы облыстағы ахуалды жіпке жіпке тізді. Кейіпкеріміз осы салада 2019 жылдан бері тер төгіп келеді. Оның сөзіне сенсек, өңірде екі рет мәйіттік донорлық болған. Бірі-2021, енді бірі — 2023 жылы тіркеліпті.
Индира Алтайқызы кез-келген жан тапсырған науқастардың ағзасы донор болуға жарамайтынын айтады. Тек ми өлімі тіркелген науқастар ғана потенциальный донор болады екен.
Ми өлімі тіркелгенде дәрігерлер консилуимде кеңесіп, науқастардың туыстарымен сөйлеседі. Егер келісім берсе, трансплантолог дәрігерлер еліміздің түпкір-түпкірінен аймаққа табан тірейді. Оған дейін мәйіттік донордан анализден алып, жұқпалы індеттерге тексереді. Бірінші кезекте онкология, туберкулез, АИТВ пен гепатит сынды аурулардың барын анықтайды. Егер науқаста жұқпалы індет анықталса, оның ағзасы транспланталогияға келмейді. Дені сау потенциальный донордың анализдерінің қорытындысын күту парағында ағза күтіп жүрген науқастардың деректері жазылған бағдарламаға енгізіледі. Бағдарлама автоматты түрде қай ағза кімге ең көп сәйкес келетіні туралы ақпаратты салыстырып, сараптама жасайды. Ағзаны алмастыруды күтіп жүрген жандарда әрбір үш ай сайын түрлі анализ тапсырып, денсаулығы жайлы ақпаратқа қанық болады.
Индира Алтайқызынан мәйіттік донордың ағзасын реципиентке қалай салынатынын сұрап білдік.
— Кез -келген адамға сенің ағзаң жарамайды. Адамның салмағы, бойы, қан тобы, резус факторы барлығы сәйкес келуі керек. Машина автоматты түрде іріктеу жасайды. Адамдардың мынаған беремін, мынаған бергім келеді деген ойы келмейді. Машина тиісті сараптамамен қорытындысымен сәйкес келетін жандарға қоңырау шалады. Мысалы, он адам телефон құтқасын көтермеуі мүмкін. Қазіргі таңда көбі телефон алмайды. Ауырып жатқан жандар болуы мүмкін. Басқа жақта жүрген адамдар болуы мүмкін. Мысалы үш адам бүйрек алмастыруға келсе, соның ішінде ағза кімге тез бітісіп кетеді, соны таңдайды. Бір адамда үйлесім 98 пайыз, ал екіншісінде 99 процент болса, кімде ағза тез бітіседі соны таңдайды. Себебі адамның ағзасы донордың ағзасын қабылдамай қалуы мүмкін. Сол себепті проценті ең көп кімге сәйкес келеді, соған салады. Айта кететін жайт, бірінші кезекте балалар, жастарға басымдық беріледі, – деп атап өтті дәрігер.
Бұрындары елімізде мәйіттік донорлықты ести сала ат тоннын ала қашатындар көп еді. Дәрігер соңғы жылдары Egov электронды үкімет порталында донорлыққа келісім беріп жүргендердің саны артқанын айтады. Өңірде 400 адамдай мәйіттік донорлыққа келісім берген. Алайда төрт мыңнан астам батысқазақстандық әлі де бұл донорлыққа қарсымын деп шешім қабылдапты.
Ми өлімі тіркелген науқастың туысқандары мәйіттік донорлыққа көп жағдайда қарсы болады. Олар туысқандары үшін шешімді қабылдауға әзір еместігін ашық айтады екен. Дәрігер қиын таңдау қабылдамас үшін әрбір адам дені сау кезінде, тиісті шешім қабылдаса, туыстарына оңай болатынын тілге тиек етті.
— Науқастардың туыстарымен көбінесе өзім сөйлесемін. «Жоқ, бізде қазақтарда болмайды ғой». Ең жиі кездесетін пікір, «мен біреу үшін шешім шығара алмаймын», дейді. «Туысым қайтты, оның ағзасын беремін деп айта алмаймын», дейді. Сол себепті Egov-та денсаулық бөлімінде транспланталогияны жазып қойды. Егер мен ағзаны алуға келісім берген болсам, егер менде ми өлімі тіркелсе, таңдау жасап қойған болсам, туыстарыма шешім қабылдауға оңай болады. Ол таңдау туралы ешкім біле алмайды. Бізде потенциальный донор тіркелген кезде, біздер сұрау саламыз. Осындай науқас келісімі бар ма, келісім бермеді ме деп сұраймыз. Осы сауалмен республикалық орталыққа жазамыз. Олар өздері сұрау салады. Egov-та таңдай жасау арқылы, туыстарына шешім қабылдау жеңіл болады. Ол науқас көзі тірісінде адамдарға көмектесемін деп келісімін беріп кеткен. Науқас келісімін бермегенде, сол сұрақ сол бойда жабылады. Egov-та келісіп, кейін ойыңды өзгертуге болады. Немесе келіспей, кейін келісуге, өзгерте беруге болады, – дейді Индира Семенова.
Мәйіттік донорлыққа асыл дініміз Исламда қандай талаптар қойылған? Шариғат заңы донорлықты құптайды ма? Осы сұрақтарымыздың жауабын облыстық Ар-Рахман мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаевтан сұрап білдік. Ол Исламдағы ережелерді жіпке тізді.
Имам тірі адамнан да, марқұмнан да ағза алуға болатынын кесіп айтты. Тірі адамның ағзасын алу үшін ол балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс болуы керек. Дәрігерлер сау адамның ағзасы науқасқа дәл келетініне кепілдік беруі керек. Және ота барысында сау адамның өзге ағзасына зиян келтірмеуі шарт. Ислам дінінде ұрпақ көбейтуге арналған ағзаны алуға тыйым салынған.
Марқұмдардың ағзасын алуға қатысты қандай тыйым бар? Шариғат шарты қандай?
— Өмірден өткен мәйіттің ағзасын алуға да белгілі бір шарттары бар. Марқұм тірі кезінде, ақыл-есі дұрыс болып, сырқаттанған кезінде есін бір біледі, бір білмейді. Ақыл-есі дұрыс уақытында өсиет қалдырса. «Өмірден өткеннен кейін, ағзам біреуге көмектесетін болса, мен донорлыққа рұқсат беремін», деп айтса. Өмірден өткен адамның өсиеті болуы керек. Кейін дәрігерлерде білу керек. Бұл өмірден өткен адам мейлі көрейік деген уәж айтуға болмайды. Нақты шешім болуы керек. Олар ағзаны алып салғаннан кейін, науқастың жазылып кетуіне кепіл білдіруі керек. Себебі кейде бір адамның ағзасы, екінші адамға жақпай қалуы да мүмкін. Соның барлығын толыққанды зерттеп, соңғы шешімі айтылуы керек. Шариғат донорлықты құптайды. Бірақ Шариғат шарттарын сақтау керек. Шариғатта ағза сатуға тыйым салады. Адам ағзасын туған-бауырына пайдасын тигізу үшін беру керек. Адамның денсаулығы аманат. Оған қиянат жасауға болмайды. (...) Марқұмды жерлегенде адам сыйпатындай қол-аяғы бүтін болуы керек. Дененің 90 пайызы болуы керек. Көлік апатынан жан тапсырғандардың қол-аяғын тігіп жинайды. Ішкі органдары айтылмайды. Қол-аяғы, басының болуы шарт. Шариғатта ағза алынды, алынбады деп бөлінбейді. Адам сияқты құрметпен жерленеді, – дейді Бағдат Шақаев.
Елімізде 18 жастан бастап 63 жасқа дейін мәйіттік донорлыққа туысқандардың келісімі болса, ағзаны алуға рұқсат берілген. Бірақ, дәрігер әрбір адамның ағзасының ерекшелігіне байланысты жас ерекшелігіне шектеу жоқ екенін айтады. Бірақ, жүкті келіншектерден, балалардан, түрлі жұқпалы індетке шалдыққан науқастардан, шетел азаматтары мен азаматты жоқ жандардың ағзаны алуға тыйым салынған.