Елімізде қызылшамен ауырып жатқан науқастардың саны артқан. Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпарына сүйенсек, биыл 4184 науқас жұқпалы індетті жұқтырыпты. Денсаулығы сыр бергендердің 83 пайыздан астамы 14 жасқа толмаған балалар екені анықталды. Науқастардың саны өткен аптамен салыстырғанда 1,3 есеге артқан.

Ведомство өкілдері сырқаттанғандардың 77 пайызы екпе алмағандар деп хабарлады. Екпе салдырмағандардың 55 пайызында ата-анасы қарсы болған екен. Соңғы сегіз жылда қызылшаға қарсы екпеден тарту 4,8 есеге артқан. Дәрігерлер: «вакцинация індеттің дендеп, ауыр зардабын алдын алады», – деп ескертеді.

– Қазіргі уақытта инфекция ошақтарын оқшаулау және оның таралуын болдырмау мақсатында ел аумағында ауқымды эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, балаларды жоспарлы және толықтырушы вакцинациялау жалғасуда. Ауру ошағында байланыста болған адамдарға шұғыл вакцинациялау жүргізіледі. Сондай-ақ байланыста болған адамдарға 21 тәулік бойы күнделікті медициналық бақылау ұйымдастырылған. Балабақшаларда қызылша жағдайлары тіркелген кезде егілмеген балалардың келуі уақытша шектеледі, – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.