• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Оралда тұңғыш ботаникалық бақ жұмысын бастады

Ботаникалық бақ қалай жұмыс істейді?
Оралда тұңғыш ботаникалық бақ жұмысын бастады
Медет Медресовтың фотосы

Жақында Оралда техникалық режимде ботаникалық бақ ашылды. Бақтың аумағы тоғыз гектарды құрайды. Қазіргі таңда мұнда үш мыңнан астам өсімдік егілген. Жыл санап тал-терек пен гүлдердің саны артпақ.

Оралда бұрын-соңды болмаған ботаникалық бақтың іргетасын Қайрат Каримов қалады. Табиғат жанашары осы бақты іске қосып, ашуы үшін біраз тер төгіп, ұзақ уақыт бойы тынбай еңбектеніп келеді. Ол бақтың жайқалып өсіп-өнуі үшін барын салуда.

Главный баннер

Оралда өсімдіктер әлемін ғылыми тұрғыда зерттейтін мекемені ашуды Қайрат Боранбайұлы ұзақ жылдар бойы армандапты. Мінекей, арманы орындалған табиғат жанашары енді бақтың әлеуетін күшейтуді мақсат тұтады.

— Ботаникалық бақ — менің жылдар бойы арманым болды. Бұл бір күндік, бір жылдық жұмыс емес. Бұл өте көп уақыт алады. Үйді жылдам салуға болады. Теректі олай жылдам сала алмайсың. Өзінің табиғаты бар, табиғатына қарай жайлап өседі. Қазір тал-теректі егіп жатырмыз. Көзге терек аз болып көрінгенмен, олардың саны көп. Мәселен шетен, қылқан жапырақты, теректің мамығы жоқ түрі, жөке ағашының түрлері өсіп жатыр, – дейді Қайрат Каримов.  

Жақында ғана техникалық режимде ашылған ботаникалық бақты қызықтап, оның жұмысын көруге асыққан жандардың қарасы қалың. Кешқұрым табиғат аясында серуендерді жақсы көретін оралдықтар осында келеді. Олар табиғат жанашырына алғыс айтады.

— Қазір техникалық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Бұған себеп тұрғындар бізге хабарласып, ботаникалық баққа келіп тұрмыз деп айтады. Мында қайта-қайта келеміз, қашан ашылады деп сұраушылар көп болды. Жұмыстар жүре береді. Тұрғындар жұмысымызға куә болады. Мына өсімдіктер тұрғындардың көзіне өседі. (...) Адамдар баққа келіп, аралайды. Алғысын айтады. Адамдардың алғысы бізге күш-қуат сыйлайды, – деді табиғат жанашыры.

Ботаникалық бақтың өзіне жүктелген міндеті көп. Мұнда ғалымдар өсімдіктер әлемін зерттеп, ғылыми жұмыспен кеңінен айныласады. Жас студенттер машықтан өтуіне, экологиялық үйірмелерге баратын оқушылар білімін тоқтырып, ұстаздар мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына зерттеу жасауға мүмкіндік мол.

Қазіргі таңда бақта сегіз жұмысшы мен ғалымдар еңбек етеді. Олар жаңадан егілген қылқан жапырақты шырша, жөке, шетен ағашы мен өзге де тал-теректің өсуін бақылап, баптап отыр. Бағбандар гүлдің де алуан түрін зерттейді.

— Ботаникалық бақтың маңызы көп. Бұл адамдардың серуендейтін әшейін саябағы емес. Бұл-ғылыми орталық. Қазір ауа райы өзгеріп жатыр. Күн райы өзгергеннен біздің өңірімізде бұрын өспеген өсімдіктерді біздер өсіріп қараймыз. Өсімдік өзін қалай көрсетеді? Қалай өседі? Өсімдік қандай ауруларға төзімді? Аязға қалай төзеді? Соның барлығын қараймыз,– дейді Қайрат Боранбайұлы.

Көпті ботаникалық саябақтың орналасқан орны алаңдатып отыр. Қызыл су жиналатын орынға неге бақ салды деп айыптайтындар бар. Бұл пікірге Қайрат Каримов былай деп жауап берді.

— Су міндетті түрде келеді. 10-15 жылда бір рет үлкен су міндетті түрде келеді. Мына жердің суға кететінін бәріміз білеміз. Арттағы Самалдың барлығы кетеді. Самалдың барлығында өсімдік өсіп тұр. Ботаникалық бақта суға төзімді қандай өсімдік егу керектігін білу керек. Біздер төмен жерлерге суға төзімді талдарды ектік. Мына талдар 3-4 айға суда тұрса да төзімді болады. Шыршаларды биік жерге ектік. Барлығы жақсы болады деп ойлаймын, - дейді Ботаникалық бақтың директоры.

Қайрат Каримов ботаникалық бақтың келешектегі жұмысын жоспарлап, оны орындауға кіріскен. Табиғат жанашыры өсімдіктің санын көбейтіп, ғылыми зерттеудің санын да молайтуды жоспарлап отыр. Ол ботаникалық баққа ерікті болып, қызмет ететін, өсімдіктер әлеміне қол ұшын созамын деген жандарды қуана қабылдайтынын айтты. Қайрат Боранбайұлы идеясы мол, көрген-білгені бар жастармен қоян-қолтық жұмыс істегенді жаны сүйеді.

Ал, Оралда ашылған ботаникалық бақты аралап, өсімдіктер дүниесімен танысам десеңіздер баққа барыңыздар. Ботаникалық бақ Шолохов көшесі, 2П, «Омега» айналма жолының маңында орналасқан. Ол таңғы сағат 10:00 түнгі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейді.

Главный баннер --> after article