• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Пойыздарда қол жүгіне қандай талап қойылады?

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы жолаушыларға қол жүгінің салмағына қатысты ақпарат берді.
Пойыздарда қол жүгіне қандай талап қойылады?
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Қазақстанда пойыздармен жүргенде өзіңізбен бірге қол жүгін тегін алып жүруге болады. Бірақ оның нақты өлшемдері мен салмақ шегі бар. "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы қол жүгіне қойылатын талаптарды жіпке тізді. Стандартты вагондарда салмағы 35 килограмнан аспайтын және көлемі 100 × 50 × 50 сантиметр болатын сөмкелер мен қораптарға рұқсат етіледі.

Ал «Тальго» сияқты жылдам жүретін құрамдарда талаптар өзге. Бұл вагондарда жолаушы салмағы тек 25 килограмнан және көлемі 70 × 40 × 40 сантиметрден аспайтын заттарды ғана тегін тасымалдай алады.

Велосипед, балалар арбасы мен байдарканы да өзіңізбен бірге ала аласыз, тек олар электр қозғалтқышсыз болуы шарт. Мұндай ірі заттарды міндетті түрде бөлшектеп, арнайы орап, қол жүгіне арналған орынға сыйғызу қажет. Алайда бұл жеңілдік «Тальго» пойыздарына жүрмейді.

Габаритті емес жүктерді қалай рәсімдеу керек?

Егер заттарыңыздың көлемі мен салмағы белгіленген нормадан артық болса, олар габаритті емес санатқа өтеді. Ондай жүктерді сапарға шықпа бұрын алдын ала багаж ретінде рәсімдеу маңызды.

Оларды тасымалдау тәртібі пойыздың мүмкіндігіне қарай арнайы багаж бөлімінде немесе әмбебап вагондарда жүзеге асады. Вагондар ішінде шаңғы тасымалдауға мүлде рұқсат етілмейтінін есте сақтаңыз. Сонымен қатар, кез келген багаж жолды, есіктер мен жолаушылардың орындарын жауып қалмауы тиіс.

Артық жүк шықса не істеу керек?

Жолға шығарда қол жүгіңіздің салмағы нормадан асып кеткені анықталса, уайымдаудың қажеті жоқ. Кейбір «Тальго» бағыттарында қосымша ақыға багаж вагонына заттарды тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл қызмет мына бағыттардағы пойыздарда жұмыс істейді:

  • Нұрлы жол – Өскемен
  • Нұрлы жол – Алматы-2
  • Нұрлы жол – Орал
  • Нұрлы жол – Қызылорда

Сапар алдында сұрақтар туындаса, тәулік бойы жұмыс істейтін 1433 нөміріне хабарласып, тегін кеңес алуға болады. Жүк тасымалдау тәртібі Инвестициялар және даму министрлігінің ресми қағидаларымен реттеледі.