Қазақстандық теміржол вокзалдарында мүгедектігі бар жандарға сүйемелдеу қызметі іске қосылмақ. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлайды.

Жаңа қызмет мүгедектігі бар адамдардың емін-еркін вокзал ішінде, көліктен вагонға дейін жүріп-тұруына көмектеспек. Осы қызмет түрін пайдалану үшін тек алдымен өтініш беру маңызды. Арнайы қызмет bilet.railways.kz сайтында рәсімделеді.

Сала мамандары таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда бұл қызмет еліміздің 57 вокзалдында ғана қолжетімді. «Егер таңдалған вокзалда қызмет уақытша көрсетілмесе, билет рәсімдеу кезінде тиісті опциялар көрінбейді», – деп ескертеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

Қызметті рәсімдеу үшін:

  • 1. bilet.railways.kz сайтынан билет сатып алу;

  • 2. Сатып алу барысында «Мүгедек» опциясын таңдап, ЖСН мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін көрсету;

  • 3. Қажетті көмек түрлерін белгілеу.

Қолжетімді көмек түрлері:

  • Пойыз жөнелтілер алдында вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;

  • Пойыз жөнелтілер алдында арнайы арба ұсыну;

  • Пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі;

  • Пойыздан түсу кезінде арнайы арба ұсыну.

Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөмірі арқылы, сондай-ақ «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан @jolaushylar_tasymaly білуге болады.