Президент жаңа жолдауында ұстаздардың миссиясына тоқталды. Ол мұғалімдер балаға сапалы білім беріп, сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеуі керек деп айтты. Мемлекет басшысы бұл міндетті орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керектігін де тілге тиек етті.
Бұрын мұғалімдер қағазбастылықтан бас алмаса, қазір түрлі платформалардан көз алмайды. Бұл ұстаздардың сабаққа сапалы дайындалуына кедергі келтіретіні даусыз.
- Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл - дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те - бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдердің беделі мен олардың мәселелерін жіті қарауды тапсырды.