Ақтөбеде дроппер қолға түсті. Ол жастардан не бары 20-30 мың теңгеге банк карталарын сатып алып келген. Кейін күдікті осы карталарды бөгде адамдарға саудалағаны анықталды. Ақшаға сатылған банк карталары арқылы алаяқтық жолмен тапқан қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
— Алдын ала мәліметтерге сәйкес, осы банк карталары арқылы шамамен он миллион теңге көлеміндегі қылмыстық жолмен алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Биыл Ақтөбе облысында дропперлікпен айналысқан 60-тан астам адам ұсталған. Олар интернет алаяқтарына жәрдемдесіпті.
Полиция қызметкерлері азаматтарға банк карталарын, банк шоттарын немесе олардың деректемелерін бөгде адамдарға беруге, сатуға немесе пайдалануға ұсынуға болмайтынын ескертеді. Мұндай әрекеттер қылмыстық схемаларға қатысу ретінде бағаланып, заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін деп ескертеді.